Ұлттық ұлан курсанты панкратионнан Әлем чемпионы атанды

18 Қараша 2021, 17:35
1413
Бөлісу:
Ұлттық ұлан курсанты панкратионнан Әлем чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың 14-18 қарашасы арасында Украинаның Харьков қаласында панкратион бойынша Әлем чемпионаты өтті. Онда 20 елден 400-ден аса спортшы бағын сынады. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы Әскери иститутының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы құрама командасының қатарында Ұлттық ұлан Әскери институтының 1 курс курсанты Нияз Зубаиров өнер көрсетті.

Ол біріншілік барысында Венгрия, Беларусь және Украина спортшыларын ірі басымдықпен жеңді. Жарыс нәтижесі бойынша 100 келі салмақ дәрежесі бойынша ұландық курсант панкратионнан әлем чемпионы атанды. Сол арқылы ол «спорт шебері» нормативін орындап шықты.

Нияз Зубаиров панкратион мен кудо спорты бойынша Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы болып табылады. Жауынгер 1-ші сыныптан грек-рим күресімен айналысса, 15 жасынан панкратионмен жаттыға бастады. Семей қаласындағы ерлерге мамандандырылған «Жас ұлан» мектеп-интернатының түлегі бүгінгі күні «KudoKz» клубының жаттықтырушысы Құрмет Кәкімовтың жетекшілігімен жаттығады.

Панкратион – қайта өрлеген спорт түрі. Оның ықпалымен грек-рим күресі, самбо, дзюдо, бокс және тағы басқа спорт түрлері қолданылатын әйгілі ММА аралас ұрыс өнері дамыды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты даңқты спорттық дәстүрге ие. Көп жыл бойы әскери кадрлардың шеберханасы атанған әскери оқу орнының курсанттары мен офицерлері ел және басқа да халықаралық біріншіліктерде жетістіктерге жетіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы