Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

19 Маусым 2021, 17:10
2733
Бөлісу:
Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін құқықтық тәртіп әскерінің Петропавл қаласындағы білім ордасында жас офицерлердің 21-шығарылымы өтті. 

Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады. 

Жыл сайын осы уақытта өкізілетін дәстүрлі шығарылымға елдегі шектеу шараларына байланысты жас офицерлердің ата-аналары қатыспады. Түлектерге алғашқы әскери «лейтенант» шенінің погондары мен жоғары әскери оқу орнын бітіргені туралы дипломдарды табыстау салтанаты санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуымен өтті. Төрт жыл бойы Отан қорғау ісін меңгерген түлектердің өміріндегі маңызды сәтті олардың ата-ана, жақындары Ұлттық ұланның You tube және Инстаграм желісіндегі ресми парақшалары арқылы тікелей эфирден тамашалады.

Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Ұлттық ұлан Әскери институтынан қазақстандық түлектермен қатар, Қырғыз Республикасынан жеті және Тәжікстан Республикасынан сегіз әскери қызметші офицерлік өмірге жолдама алды. Аталмыш оқу орнынан биыл, шет елдердегі әскери білім ордаларын бітірген түлектерді қоса есептегенде, жалпы 205 офицер еліміздің және көршілес елдердің әскери бөлімдерінде қызмет етуге жіберіліп отыр. Олардың 10-ы Әскери институтты алтын белгімен бітірсе, лейтенанттар Арман Кенішбек,  Нұрсұлтан Сүттібай, Ислам Ахметжан және Данил Ковалевқа «Әскери жоғары оқу орнын үздік аяқтағаны үшін» кеуде белгісі табысталды. Олардың есімі білім ордасының Құрмет тақтасына мәңгіге енгізілетін болады.

Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан оқу орнын сәтті аяқтаған жас офицерлерді Мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасы, генерал-майор Әлібек Серәлиев құттықтады.

Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Елімізге заман талабына сай мықты әрі кәсіби дайындалған әскер қажет. Ал мұндай әскерге біз жан-жақты және білімді әскери кадрлар арқылы қол жеткіземіз. Әскери істің жетістіктері тек диплом алумен шектелмейді. Кәсіби қабілет үздіксіз шыңдалумен қалыптаспақ. Бүгінде Қазақстан Ұлттық ұланы өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Мұны жауынгерлік қызмет пен оқу нәтижелері де айғақтап отыр. Ішкі істер министрінің бұйрығымен Сіздерге алғашқы әскери «лейтенант» шені берілді. Баршаңызды көптен күткен осы бір қуанышпен құттықтаймын! Сіздер тапсырған мемлекеттік емтихандардың нәтижесі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның күштік құрылымдарына офицерлік кадрлардың лайықты деңгейде дайындалғандығы туралы шешім шығаруға мүмкіндік береді. Біздің түлектеріміз офицерлік корпустың жауынгерлік дәстүрлерін абыроймен жалғастырады, жаңа реформаларды сәтті жүзеге асырады және нағыз патриот екендіктерін іс жүзінде дәлелдейді деп сенемін, - деді Әлібек Болатұлы.

Жас лейтенанттарды сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі атынан оның орынбасары Сәтжан Аблалиев те құттықтады.

Әскери институт – төл армиямыздың ұлы істеріне негізделген өмірлік және тәрбиелік үлкен мектеп. Бауыржан Момышұлы «Офицер – армияның басым бөлігін құрайды, командир – әскердің миы, жауынгерге жол бастаушы және жеңіске жеткізуші» деді. Бүгінгі таңда Әскери институт түлектері Ұлттық ұлан сапында ғана емес, басқа да әскерлер мен күштік құрылымдарда қызмет етуде. Институт курсанттары мен офицерлері өңірдің қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне де белсенді араласады. Біз Әскери инстиутытының жеке құрамына облыстың тыныс-тіршілігіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз. Офицер атануларыңызбен құттықтаймын! – деді ол.

Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Өңір және әскер басшылығы мен қонақтардың құттықтауынан кейін, түлектердің білім ошағының Жауынгерлік Туымен қоштасу рәсімі өтті. Бұл рәсімді орындау құрметі «алтын белгі» иегері лейтенант Нұрсұлтан Сүттібайға бұйырды. Ол үшін бұл күн өміріндегі айрықша оқиға болды. Жас офицер білім ұясын алтын белгіге бітіріп қана қоймай, кез келгенге бұйыра бермейтін Жауынгерлік Тумен қоштасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан енді, басқа да алтын белгі иегерлері сияқты өзі қызмет ететін әскери бөлімді таңдау құқығына ие. Түлектер еліміздің әртүрлі күштік құрылымдарына жолданып отыр.

Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Әскери институт 24 жылғы тарихында 3746 жас офицерді даярлап шығарды, олардың 260 – ы оқуды үздік бітіргені үшін, 45-і "әскери жоғары оқу орнын үздік бітіргені үшін" төсбелгісімен марапатталды, олар Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдар бөлімшелерінің офицерлер құрамының қатарын толықтырды.

Әскери институт базасында жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады. Курсанттарды оқыту сегіз кафедрада жүргізіледі. Институтта біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұланның және ішкі істер органдарының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтеді.

Ұлттық ұлан Әскери институтынан 200-ден аса офицер түлеп ұшты

Біздің институттың алғашқы түлектері қазірдің өзінде құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады, ал олардың кейбіреулері бас қолбасшылықта және өңірлік әскери қолбасшылықтардың штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етеді.

ІІМ басшылығының, әскерлердің Бас қолбасшылығының және Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының күш-жігерінің арқасында 2020 жылы Әскери институт аумағында ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеу, ал 2021 жылы жаңа казарманы, спорт кешенін және қазіргі заманғы оқу корпусын салу басталды.

Салтанатты шығарылым соңында жас түлектер аспанға бейбітшілік, бақыт пен өркендеудің символы ретінде көгершіндер ұшырды.


Өзгелердің жаңалығы