Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себептерін түсіндірді
24 Қараша 2021, 12:40 66

Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себептерін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қараша – «салық айына» жататындығына қарамастан, айдың басынан бастап ішкі валюта нарығында теңгенің негативті қарқыны байқалды. Теңгенің әлсіреу себептері мен сыртқы және ішкі нарықтағы негізгі оқиғалар туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.

– Қараша бойы, әсіресе, соңғы күндері біз теңгенің әлсіреуін байқадық. Бұл қандай жағдайға байланысты орын алып отыр?

Теңге бағамының қарқыны сыртқы және ішкі нарықтардағы қазіргі үрдістерді көрсетеді. Ең алдымен, бұл – қазанның соңында басталған мұнай бағасының құлдырауы. Белгіленген мұнай бағасының құны бірнеше себептерге байланысты төмендегенін атап өткен жөн, олардың негізгі себептері: энергия тасымалдаушылары нарығындағы артық ұсыныстың болжамдары және АҚШ президенті Байден әкімшілігінің стратегиялық мұнай қорларын сату ниеті.

Кейін жағдай тек нашарлай түсті: стратегиялық мұнай қорларын үйлестіре пайдалану қаупі күшейді. Кеше АҚШ президенті Энергетика министрлігіне отын бағасын төмендету үшін стратегиялық мұнай резервінен 50 млн баррель мұнай шығаруға дайындалу туралы тапсырма берді, оның 32 млн баррелі болашақта толықтырылатын болады. Ақ үй АҚШ-пен бірге Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты басқа да бірқатар елдердің осындай қадамға баратынын атап өтті. Еуропа мен АҚШ-ты қамтыған COVID-19-дың жаңадан өршуі байқалады. Бүкіл әлем Еуропа елдерінің қатаң шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болғанын бақылауда.

Осының аясында Brent сұрыпты мұнайдың құны бір баррель үшін ең төменгі мән – 77,58 АҚШ долларына жетті. Кеше айтарлықтай түзетуден кейін бір баррель үшін 86,4 доллар белгісіне жеткеннен кейін мұнай бағасы 26 қазанда 8,2%-ға дейін құлдырады.

АҚШ долларының дамыған, сол сияқты дамушы елдердің валюталарына қарсы жаһандық нығаюы жалғасуда. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ ФРЖ басшысы Дж. Пауэлдің екінші мерзімге сайлануы монетарлық саясатты қалыпқа келтіру және одан әрі күшейту үрдісін қолдайды, бұл Америка валютасының күшеюіне алып келеді.

Жоғарыда аталған факторлар, теңгені қоса алғанда, дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне алып келді. Өткен аптаның жұма күні түрік лирасы 15,5%-ға, Мексика песосы 2,2%-ға, Оңтүстік Африка ранды 1,4%-ға әлсіреді. Украина төңірегіндегі геосаяси белгісіздік, Беларусь көші-қон дағдарысы, сондай-ақ Қарабақ қақтығысының ушығуы аясында Ресей рублі 1,5%-дан астам жоғалтып, бір АҚШ доллары үшін 75 рубльге дейін әлсіреді. Жалпы алғанда, қарашаның басынан бастап дамушы елдер валюталарының индексі 3,8%-ға төмендеді, ал АҚШ долларының DXY индексі дамыған елдердің валюталарына қарсы 2,5%-ға нығайды. Теңге өткен аптаның жұма күнінен бастап 0,4%-ға, қарашаның басынан бастап 1,2%-ға әлсіреді.     

 – Сыртқы факторлар туралы түсінікті, ал теңге үшін ішкі факторлар қалай қалыптасуда? Салық кезеңі теңгеге қолдау көрсетуге тиіс еді ғой?

– Іргелі сыртқы факторлар серпінінің нашарлауы заңды тұлғалар тарапынан, сол сияқты халық тарапынан да шетел валютасына сұраныстың артуына алып келді. Сондай-ақ күнтізбелік жылдың соңы бюджеттерді пайдалануға және шарттарды орындауға байланысты дәстүрлі түрде валютаға сұраныстың ұлғаюымен сипатталады.

Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі аясында импортың өсуі жалғасуда. Осы жылғы 9 айдың нәтижесі бойынша, Ресейден әкелінетін импорт 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 24,7%-ға ұлғайып, 12,1 млрд АҚШ долларына жетті. Биылғы үшінші тоқсанның ғана нәтижелері бойынша, Ресейден әкелінетін импорт 2020 жылғы үшінші тоқсанмен салыстырғанда 29,2%-ға ұлғайып, 4,5 млрд АҚШ долларына жетті.

Жалпы импорттағы РФ-ның үлесін ескерсек, Ресей рублінің әлсіреуі теңгеге теріс әсер етті. Дамушы елдердің басқа валюталарымен салыстырғанда, геосаяси фонның нашарлауы да рубльдің барынша елеулі әлсіреуіне және рубль-теңге паритеті 6,0-ден 5,8-ге дейін ауысуына алып келді. Бұл соңғы күндері теңгеге қосымша қысым жасады.

Салық кезеңі нарықтың қалыпты күтулеріне қарамастан, ұлттық валюта бағамына айтарлықтай қолдау көрсете алмады. Экспорттаушылар сарапшылардың болжамына қарсы шетел валютасын шектеулі түрде сатады, олар бюджетке салық төлеу үшін бұрын жинақталған теңгедегі өтімділікті пайдаланады. Тиісінше, «салықтық» сатылымдардың аздығына байланысты валюта нарығындағы қысым күшейе түсті, өйткені валюта сатып алу үшін салық аптасын күткен компаниялар долларды шектеулі ұсыныс жағдайында сатып алуға мәжбүр болды. 

– Екінші деңгейлі банктер белгілеген шектеулерге байланысты айырбастау пункттерінде қолма-қол шетел валютасы жетіспейді деген хабарлар пайда болды. Жағдайды түсіндіріп берсеңіз.

Жоғарыда атап өткендей, шетел валютасына сұраныс компаниялар тарапынан ғана емес, халық тарапынан да өсті. Бұл белгілі бір дәрежеде халықтың валюта сатып алу белсенділігін күшейткен бір доллар үшін 430 теңге белгісіне дейін жетуіне және соңғы күндері теңге әлсіреуінің ағымдағы үрдісіне байланысты орын алды.  

Банктік және банктік емес айырбастау пункттері арқылы қолма-қол валютаны сатып алу, сондай-ақ ЕДБ онлайн-платформалары арқылы қолма-қол ақшасыз валютаны сатып алу көлемі ұлғайды. Бүгінгі таңда онлайн режимде өтетін айырбастаудың көлемі өте үлкен. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап айырбастау пункттеріне қойылатын талаптар күшейтілгеннен кейін биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша, банктік емес айырбастау пункттерінің саны шамамен 40%-ға қысқарды.

Банктік емес айырбастау пункттері қолма-қол шетел валютасын екінші деңгейлі банктерден сатып алады. ЕДБ айырбастау пункттері тарапынан сұраныстың артқанын атап өтті, мәселен, егер биылғы үшінші тоқсанда айырбастаушылар тарапынан сатып алудың орташа айлық көлемі 280 млн долларды құраса, қазан-қарашаның бірінші жартысында оның көлемі 380 млн долларға дейін өсті.

Сұраныстың өсуі биржадағы валюта бағамдары мен айырбастау пункттеріндегі валюта бағамдары арасындағы айырмашылықтың (спред) артуына алып келгенімен, қолма-қол доллардың жетіспеушілігі байқалмайтынын атап өтемін. Айырбастау пункттеріне сату көлемін және сату бағамын банктер дербес белгілейді. Нарықтық бағам қалыптасуы жағдайында жоғары сұраныс пен шектеулі ұсыныс шетел валютасының тапшылығына емес, теңге бағамының осы сұраныс пен ұсынысты теңгеретін деңгейге дейін әлсіреуіне алып келеді.   

– Теңге үшін қазіргі жағдайда теңгерімге келтіретін фактор немесе қолдау факторы не болуы мүмкін?

Нарықтың құбылмалылығы жағдайында дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің әлсіреуіне байланысты қазіргі жағдай уақытша сипатқа ие екенін және сыртқы теріс фонға сай әсер болып табылатынын түсіну қажет. Кешегі сауда-саттықтың жабылу қорытындысы бойынша, экспорттаушы дамушы елдердің валюталары мұнай бағасының өсуі аясында біршама нығайды.

Экономикалық белсенділіктің тұрақты қалпына келуі және импорттың өсуі – шетел валютасына сұраныс көлеміне әсер ететін объективті факторлар. Шетел валютасын ұсыну көлеміне тікелей әсер ететін теңгерімді фактор мұнай бағасы болып табылады.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, мұнай нарығы кейбір елдердің қара алтынның стратегиялық қорларын сату ниетіне «асыра жауап берді» және энергия тасымалдаушылардың бағасы тым төмендеп кетті. Жаңалықтардағы мұнай нарығындағы кешегі айтарлықтай түзету АҚШ тарапынан стратегиялық мұнай қорларын нақты сату – нарық күткеннен аз болғанын көрсетуі осыған дәлел бола алады.

Сонымен қоса, ОПЕК+ белгіленген мұнай бағасының қысымына және елдердің стратегиялық қорларды әлеуетті пайдалануына жауап ретінде мұнай өндіру көлемін ұлғайту жоспарын қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді, бұл мұнай нарығын ұстап тұрады, тиісінше теңгеге де қолдау көрсетеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...