Ұлтаралық татулықты сақтауда халық дипломатиясы аса маңызды – И. Хашимжанов

28 Сәуір 2019, 14:39
2946
Бөлісу:
Ұлтаралық татулықты сақтауда халық дипломатиясы аса маңызды – И. Хашимжанов
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – елдегі тыныштықты және ауызбіршілікті сақтап, қоғамдағы келісімді нығайту және ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін қалыптастыру. Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының  XXVII сессиясы қарсаңында елдегі ұлтаралық татулық турасында әңгімеледі.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған сәтінен бастап Елбасымыздың алдында бір ғана ұлы мақсат болды. Бұл – көпұлтты қазақстандықтарды саяси, әлеуметтік дағдарыстарға ұшыратпай, жарқын жолға алып шығу. Қазақстандықтардың әлеуетін жақсартып, бұл мемлекетте барлығының жақсы өмір сүруіне жағдай жасау болды. Соның аясында Елбасымыздың бастамасымен 1995 жылдың 1-наурызында Қазақстан Ассамблеясы ашылды. Міне, содан бері жыл сайын Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Биылғы XXVII сессиясы 29 сәуірге белгіленген. Жыл сайын өтетін сесияның тақырыбы болады. Биылғы тақырып «Татулық пен келісім формуласы, әлеуметтік бірлік және жаңғыру». Расымен де татулық пен келісім әрдайым бірінші кезекте. Бұл дегеніміз экономиканың өсуі, елдің тыныштығы, халықтың бірлігі әрқашан да біздің жетістіктеріміздің негізгі ұстанымы болып табылады. Мұның формуласы қандай? Бұл – жазылмаған формула. Үйдегі тыныштықты сақтау үшін халықтық дипломатияны көбірек қолға алуымыз керек. Атап айтсақ, Елбасымыздың өзі айтқан медиация кабинетін жүзеге асыру. Бұрындары халқымыздың арасында билер, ақсақалдар болатын. Екі адам келісе алмай қалса, сол аталарымыз келістіріп, оларды жарастырып қоятын еді. Қазіргі таңда көп адам сотқа арызданып, өздерінің де мемлекеттік қызметкерлердің уақытын алып жатқанын көреміз. Міне, Елбасы медиация кабинеттерін ашуды, олардың жұмыстары елдегі тыныштықты сақтау екенін және екі адам арасындағы ұрысты полицияға, сотқа жеткізбей шешсе бұл татулықтың кепілі болатынын шығарып отыр»,- дейді Икрам Хашимжанов.

Ұлтаралық татулықты сақтауда халық дипломатиясы аса маңызды – И. Хашимжанов

Оның айтуынша, әлеуметтік бірлік және жаңғыру – қазақстандықтар үшін аса маңызды.

«Қазіргі таңда 137-ден астам этнос өкілдері бір мемлекетте қоян қолтық, бір шаңырақ астында бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып өмір сүріп жатырмыз. Әрбір қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы – келешекте мемлекетіміздің мәдениеті мен экономикасы дамыған 30 елдің қатарына қосылуына себеп. Қазақстандықтар рухани жаңғыру аясында да өте көп жұмыстар атқарып жатыр»,-деген ол көршілес Өзбекстан Республикасымен арадағы мәдени байланыстар туралы да айтып берді.

«Солардың бірі Қазақстан өзбектері Достық қауымдастығы. 2018 жылы наурыздың 15-інде Елбасымыз Н. Назарбаев Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жариялады. Соған орай өте көп жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы. Меморандумға қол қойылды. Бұл меморондумда, әсіресе мәдени, экономикалық және тағы басқа іс-шаралар, ғалымдардың, ақын-жазушылардың және журналистердің бір-бірімен байланысы жазылған. Соның аясында Қазақстан өзбектері Достық қауымдастығы өткен жылы наурыз айында біздің мемлекетімізге Өзбекстан Республикасы жазушылар одағының төрағасы Мухамедәли және ӨР Халықарылық Әмір Темір қорының төрағасы Назым Қабылбулаевтармен бірге 30-дан асқан делегация келді. Бұл делегецияны сол кездегі облыс әкімі Ж. Түймебаев күтіп алды. Мұндай жағдайлар екі елдің арасында достықтың нығаюына ықпалы зор екенін айтып өтті. Ал бұл бір ғана қоғамдық бірлестіктің атқарып отырған жұмысы. Олар Сайрамдағы сансыз бапта және Өзбек драма театрында, Отырардағы ашық аспан астындағы музейінде, Арыстанбаб кесенесінде болды. Біз осылайша бірінші халықаралық конференциямызды өткіздік»,-дейді Икрам Хашимжанов.

Мұнымен қатар Қазақстан өзбектері Достық қауымдастығы білім басқармасымен бірлесіп «Көптілді білім алу аясындағы ана тілінің рөлі» деп аталған халықаралық конференция өткізген. Сол конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінен ғалымдар, академиктер келді.

«Бұл жерде біздің республикамыздағы 700 мыңға жуық өзбек ұлтының өкілдеріне ана тілінде білім алып, мемлекеттік, ресми тілдерді қаншалықты меңгергеніне қонақтар бағаларын берді. Қонақтар Назарбаев зияткерлік мектептеріне барып, қазіргі Қазақстандағы білім стандартының қандай дәрежеге көтерілгені көрді. Кейбірі біздің білім беру әдіс-тәсілдерімізді алып, өз елінде қолдану керек екенін де айтып жатты. Бұл – көп ұлтты Қазақстан халқы білім жағынан бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті»,- дейді ол.

Айта кетер бір жайт, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына сапары барысында Шымкент қалалық Өзбек драма театрының ұжымы 15-20 сәуір күндері Өзбекстан Республикасына гастролдік іс-сапармен барып, өнер көрсетіп қайтты.

«Халық біздің ұжымның жұмысын көріп, таңданыстарын білдірді. Қазақстан өзбектер Достық қауымдастығы елдің тыныштығы және бірлігі үшін аянбай еңбек етеді», - дейді Икрам Хашимжанов.

 

Өзгелердің жаңалығы