Әулиеаталықтар жеті елге ет экспорттайды

10 Сәуір 2020, 11:37
1992
Бөлісу:
Әулиеаталықтар жеті елге ет экспорттайды

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мал етінің экспортқа шығарылуына бірден-бір қозғау салған – ауыл шаруашылығы саласында қабылданған "Сыбаға", "Құлан", "Алтын асық", басқа да бағдарламалар мен жобалар. Аудандарда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің көптеп құрылуы да сүт және ет өнімдерінің шетке көптеп шығарылуына өз септігін тигізіп отыр.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев осындай пікірде.

Сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба да мал өнімдерін арттыруға өз үлесін қосады деген сенімдемін. Осы бағдарламалар мен жобалардың есебінен мүйізді ірі қара – 6, қой-ешкі – 102,5, жылқы 6,2 %-ке артты. Ал құс басы 30,3 %-ке жоғарылады. Осының есебінен бүгінде ет экспорты жандана түскенін көріп отырмыз. Бұған дейін ет бізге шет елдерден келетін болса, енді біз оларға шығаратын әлеуетке ие бола бастадық, - дейді ол.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, былтыр Жамбыл облысынан шет мемлекеттерге 1,5 мың тонна сиыр етін экспорттау керек болса, жоспар 105,2 %-ке орындалған. Осылайша 1 578,5 тонна сиыр еті өзге елдерге жіберілген. Ал жоспарға қойылған 1 мың тонна қой еті артығымен өткеріліпті.

Статистикалық мәліметке жүгінсек, мал шаруашылығы өнімдерінен ет өндірісі – 21,8 %-ке, яғни, 9,6 мың тоннаға, сүт өндірісі – 1 %-ке, 16,8 мың тоннаға артқан.

Берік Нығмашевтің айтуынша, бүгінде қой етін экспорттау бойынша республикада Жамбыл облысы көш бастап тұр. Атап айтсақ, алдыңғы жылы Қазақстаннан 3 800 тонна қой еті шетел нарығына шығарылса, оның 44 %-і әулиеаталық тауар өндірушілерге тиесілі екен.

Әсіресе шетелдіктердің қозы етіне деген сұраныс жоғары. Тауардың негізгі бөлігі Иран Ислам Республикасы мен Бахрейн Корольдігіне және Қырғыз, Өзбекстан мемлекеттеріне жіберілуде. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 26,6 тоннаға жуық сиыр мен қой еті экспортталды. Оның 7,8 тоннасын сиыр, 18,6 тоннасы қой еті құрайды. Тараз қаласының кәсіпкерлері сиыр етін толықтай Ресей нарығына шығарған. Меркі ауданындағы "Меркі ет комбинаты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Біріккен Араб Әмірлігі еліне – 7,73, Қордайдағы "Оптоград" ЖШС тарапынан Оман мемлекетіне – 1,098, БАӘ еліне – 8,712, "ИРС-Экспорт" ЖШС БАӘ еліне 1,065 тонна қой етін жөнелтті. Бұдан бөлек, 0,2 тонна жылқы еті экспортталыпты. Қазір ет экспорты әлеуетін арттыру мақсатында аймақта арнайы бағдарлама қабылданып, шетелден етті бағыттағы мүйізді ірі қаралар әкелінуде, - деді басқарма басшысы.

Берік Болатұлы Жамбыл облысында 2018-2027 жылдары етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімге жоспарланған салалық бағдарлама қабылданып, "Сыбаға" бағдарламасы аясында алыс-жақын шет елден 36 мың бас мүйізді ірі қара әкелу межеленгенін жеткізді. Өткен жылы өңірге 4 мыңға жуық мал әкелінген. Ал биыл облыс аумағына 5 мың бас мал әкелу жоспарланған көрінеді. Шет елден әкелінетін әрбір мал басына 225 мың теңге субсидия қаралады екен. Мәселен, өткен жылы жамбылдық тауар өндірушілер 4 мың бас мүйізді ірі қара сатып алса, биылғы жылдың басында 600-ге жуық бас мал алып келген.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – шет елден сатып алынатын ет бағытындағы малдың генетикалық әлеуетін пайдалана отырып қолдағы малдың өнімділік көрсеткішін жоғарлату. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстың нәтижесінде сиыр етінің экспорттық потенциалын арттыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Атқарылған іс-шаралардың аясында жылдан жылға ет экспорты ұлғайып келеді. Жыл басынан бері тауарөндірушілер 7,8 тонна сиыр, 18,6 тонна қой етін экспорттады. Өткен жылы облыстың тауарөндірушілерімен 1 500 тонна сиыр, 1 000 тонна қой етін экспорттаған болатын. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, қой еті – 3 есеге артып отыр, - деді ол.

Жауапты маманнан білгеніміздей, Жамбыл облысында ет экспортымен тұрақты түрде айналысатын бірнеше серіктестік бар екен. Бүгінгі таңда олар өнімдерін Иран Ислам Республикасы, БАӘ, Бахрейн Карольдігі, Кувейт, Өзбекстан, Қырғыз, Ресей мемлекеттеріне экспорттауда.

Өзгелердің жаңалығы