Бас жаңалықтар
Ұланбатыр көшелерінің біріне Нұр-Сұлтан қаласының аты беріледі
14 Ақпан 2020, 17:13 951

Ұланбатыр көшелерінің біріне Нұр-Сұлтан қаласының аты беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласының әкімі С.Амарсайханмен кездесті.

Кездесу барысында Жалғас Әділбаев қала әкіміне алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтай отырып, бірлесе қызмет істеуге дайын екенін жеткізді.

Өткен жылы Сіздің елдің премьер-министрі У.Хүрэлсүх Қазақстан Республикасына жасаған сапары барысында тарихы тамырлас елдеріміздің болашағымен байланысты маңызды келісімдерге қол қойды. Біз бұл жұмыстарды жалғастыруға әркез дайынбыз. Ұланбатыр қаласындағы көшелердің біріне біздің астанамыз - Нұр-Сұлтан қаласының атын беру жұмыстарын жеделдетудің маңызы зор. Сонымен қатар, Ұланбатыр қаласында туризм саласын дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз - деді елші.

Өз кезегінде қала әкімі С.Амарсайхан бауырлас қалалар арасында қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуге келісім жасау ынтымақтастық пен сауда экономикасын жаңа деңгейге көтере алатындығына сенім білдірді

Қазақстан республикасымен 1992 жылы дипломатиялық байланыс орнағаннан кейін Үкімет, сауда-экономикалық, мәдени, білім саласы қатарлы сан саланы қамтыған ынтымақтастық арта түсті. Біз туризмді қалалар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатына пайдалана аламыз. Біз үшін Қазақстанның қаланы жоспарлауы, дамытуы, көгалдандыру және тұрғын үй саясатының көптеген аспектілері қызықты - деді қала басшысы.

Ұланбатыр қаласының әкімі алдағы көктемде қаладағы кіші айналма жол маңында "Нұр-Сұлтан қаласы" көшесінің жұмыстары басталатынын ескертті.

Тараптар 2020 жылы жүзеге асырылатын жобалар бойынша қалай жұмыс істеу туралы пікір алмасып, екі қаланың туризм саласын дамыту бойынша ынтымақтасты.


Фото: дереккөз
Загрузка...