Украиналық журналистер Пулитцер сыйлығына ие болды

10 Мамыр 2022, 18:17
1411
Бөлісу:
Украиналық журналистер Пулитцер сыйлығына ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украина журналистері 2022 жылғы Пулитцер сыйлығының "Айрықша атау" номинациясында арнайы жүлдемен марапатталды.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, ұйымдастыру комитеті Украина журналистеріне кәсібіне адалдығы үшін алғыс білдірген.

Пулитцер комиссиясы Украина журналистеріне өз еліне Владимир Путиннің жасаған аяусыз басқыншылығы мен Ресейдегі оның пропагандалық соғысы кезінде танытқан ержүректігі, табандылығы мен шынайы хабар таратқаны үшін "Айрықша атау" жүлдесін табыстайды. Олар атыс-шабысқа, ұрлап әкетуге, оккупацияға және тіпті әріптестерінің қазасына да қарамастан, болып жатқан сұмдық жағдайды қаз-қалпында, дәл беруді жалғастырып, Украинаға және күллі әлем журналистеріне құрмет танытып отыр - делінген комитет ақпаратында.

Американың журналистика саласындағы ең беделді жүлдесі – Пулитцер сыйлығының биылғы лауреаттарының аты-жөні 9 мамырда АҚШ-та жарияланды.

Пулитцер сыйлығының "Қоғамға қызмет еткені үшін" деп аталатын бас номинациясын америкалық The Washington Post газетіне табыс етті. Басылым 2021 жылғы 6 қаңтарда сол кезде ел президенті болған Дональд Трамптың жақтастарының Капитолийге шабуыл хронологиясын егжей-тегжейлі түрде баяндағаны үшін осы жүлдеге ие болды.

Америкалық тағы бір басылым New York Times газетінің редакциясына халықаралық және ұлттық деңгейдегі репортаждары үшін сыйлық берілді. Бірінші материалда Таяу Шығыста америкалық әскерилердің қару қолдануынан бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны, ал екінші мақалада полиция ұстаған кезде америкалық көлік жүргізушілердің мерт болғаны баяндалады.

Сонымен бірге Пулитцер сыйлығының өзге де номинациялары бойынша The Miami Herald, The Tampa Bay Times, Getty Images, The Los Angeles Times және басқа басылымдардың журналистері марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы