Үкімет автокөліктерді несиелеу көлемін 5 есе арттырады

20 Маусым 2019, 16:39
1914
Бөлісу:
Үкімет автокөліктерді несиелеу көлемін 5 есе арттырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Парламент палаталарының бірлескен отырысында отандық автокөліктерге кредит беру көлемі артатынын айтты. 

Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді сатып алуда несиелік ресурстардың жетіспеушілігі негізгі кедергі болып отырғанын айтты. 

«Сұраныс өсуде, ал қаржыландыру халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыра алмай отыр. Жақында Ұлттық банк қабылдаған жеңіл отандық автокөлікті сатып алушыларға кредит беру бағдарламасы 5 жыл ішінде қайтарымды негізде 20 млрд теңге бөлуді көздейді. Алайда елімізде нақты қажеттілік жылына 200 млрд теңгеден асып түседі», - деді сенатор. 

Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет пен Ұлттық банкпен бірлесіп жеңілдетілген автонесиелеу бойынша қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарда барын айтты.

«Нарықты бағалауыңыз дұрыс. Бүгінде бізде шамамен 4,5 млн автокөлік бар, оның 2,5 млн жуығы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Нарық шынымен үлкен және біз отандық өндіріс есебінен тиісті қаржы құралдарын алмастыруды және ұсынуды жоспарлап отырмыз. Көлемнің ұлғаюына қатысты айтар болсақ, егер өткен жылы біз жеңілдетілген автокредит беру бойынша шамамен 3 мың автокөлікті қаржыландырған болсақ, Ерболат Досаев (Ұлттық банк төрағасы – авт.) несие көлемін биыл 15 мыңға дейін жеткізетінін айтты. Біз отандық көліктерді сатып алу үшін кредит беру көлемін 5 есеге арттырамыз», - деп жауап берді Мамин.
Өзгелердің жаңалығы