Бас жаңалықтар
Қостанайда УЕФА талаптарына сай келетін футбол алаңы ашылды
09 Наурыз 2019, 16:09 169

Қостанайда УЕФА талаптарына сай келетін футбол алаңы ашылды

Қостанай, BAQ.KZ. Қостанайда Қазақстан бойынша бірегей жабық футбол манежі ашылды. УЕФА талаптарына сай келетін спорт нысанында халықаралық, ел біріншілігі ойындарын өткізуге болады.

24.kz арнасының ақпаратына қарағанда, үлкен футболға арналған жабық арена мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бір жылда тұрғызылды. 

Қазір далада қыс ызғары қайтып, қар көбесі сөгіле қоймаса да, арена алаңында жасыл шөп, жаймашуақ жаз ба дерсің. Үш мың көрерменге есептелген спорт нысанының аумағы 16 мың 195 шаршы метр. Жабық стадионның басты ерекшелігі төбесінің екі қабатты үрлемелі пленкамене жабылуы. Күн сәулесімен ол ішке жарық және жылу береді. Яғни энергияға үнем. Сондықтан мұнда қысы-жазы еркін доп тебуге болады. 

Алаңға төселген жасанды шөп те сапалығымен ерекше. Биіктігі 6 сантиметр шөп арасына нығыздалып, ұсақталған резеңке себілген. Ел біріншілігінің бүгінгі алғашқы кездесуі алдында жергілікті «Тобыл» командасының  футболшылары жаңа жасыл алаңды сынап көрген еді. Кәсіпқой аяқ доп шеберлері жасанды төсенішті қалай бағалағанын «Тобыл» футбол клубының менеджері Марат Күзембаев айтты.

"Айта кетейін, өткен 2018 жылы облыста 43 спорт нысаны пайдалануға берілді. Соның ішінде ең ірісі осы футбол манежі. Жоба құны 4,2 миллярд тенге тұрады. Бүгін есігін айқара ашқан жаңа аренада енді бірер сағаттан кейін ел біріншілігі шеңберінде Қостанайдың Тобылы Павлодардың Ертіс командасын қабылдайды" - дейді ол.

Сізден жаңалық