UEFA EURO 2020 ойындарын жүргізетін комментаторлар анықталды

11 Маусым 2021, 18:20
1885
Бөлісу:
UEFA EURO 2020 ойындарын жүргізетін комментаторлар анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін футболдан UEFA EURO 2020 чемпионаты басталады. Қазақстандық жанкүйерлер турнирдің барлық ойынын «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. 16-шы Еуропа біріншілігі 2021 жылдың 11 маусым - 11 шілде аралығында өтеді.

Еуропа чемпионатындағы 51 матчтың 30-ы «Qazaqstan» Ұлттық арнасының эфирінен, 28 матч «Qazsport» телеарнасынан беріледі. Плей-офф кезеңіндегі ойындарды екі арна қатар көрсетеді. 

Телерадиокорпорация комментатторлыққа еліміздегі ең үздік мамандарды таңдады. Қазақ тілінде ойындарды Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Қайырхан Мәулен, Жандос Байділдә, Ерсін Ерікұлы, Есбол Қарағұл, Әлімжан Асқаров, Уәлихан Қосанбай, Ермек Төрениязов, орыс тілінде Дидар Қадыров, Дмитрий Нестеренко, Виктор Кирилюк, Ербол Каиров, Әділет Құсайынов, Евгений Акманов жүргізеді.

UEFA EURO 2020 ойындарын жүргізетін комментаторлар анықталды

Эфирдің сапалы болуы тек трансляцияға ғана емес, комментатор жұмысына да тікелей байланысты екенін жақсы білеміз. Сондықтан жанкүйерлер көптен күткен футбол мерекесіне еліміздегі ең үздік комментаторларды шақырдық. Алдымызға тікелей эфир кезінде жиі кететін қателіктерге жол бермеуді, көрермендерге бір ай бойы мерекелік көңіл күй сыйлап, Еуропа стадиондарындағы атмосфераны барынша жеткізу туралы міндет қойып отырмыз, - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Сонымен бірге Басқарма төрайымы «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан бір ай бойы тікелей эфирде «Доп дода» жаңа студиялық бағдарламасы шығатынын айтты. Оған еліміздегі спортшылар мен сарапшылар, футбол жанкүйерлері қатыса алады.

Италияның (Рим) «Олимпико» стадионында өтетін UEFA EURO 2020 чемпионатының ашылу салтанаты бүгін 00:35-те екі арнадан қатар тікелей эфирде ұсынылады. Түркия және Италия құрамалары арасындағы алғашқы ойын 00:50-де «Qazaqstan» арнасынан көрсетіледі.



 

 

 


Өзгелердің жаңалығы