Бас жаңалықтар
ҰБТ сұрақтары қалай дайындалады?
19 Шілде 2019, 16:54 427

ҰБТ сұрақтары қалай дайындалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығында аталған орталықтың қызметімен танысу және білім беру гранттарын тағайындау конкурсының ашықтығын көрсету мақсатында баспасөз туры өтті.

20190719111812_IMG_1329.JPG

Баспасөз туры барысында білім беру гранттарын тағайындау бағдарламасының жұмысы таныстырылды, сондай-ақ цифрлық аудит жүргізу үшін егжей-тегжейлі мәліметтер ұсынылды. Цифрлық технологияларды енгізу гранттарды бөлу кезінде адами факторды барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды.

20190719112713_IMG_1332.JPG

Ұлттық тестілеу орталығында сұрақтар «құпия бөлмеде», яғни тәртіптік объектіде әзірленеді. Ол бөлмеге кіру мүмкіндігі шектеулі, тек 5-6 адам ғана кіріп-шыға алады. Орталық директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұловтың айтуынша, тіпті БҒМ басшысы келсе де, тәртіптік объектіге кіруге рұқсат жоқ.

20190719111456_IMG_1326.JPG

«Тестілеу сұрақтары дайындалып болған соң баспаға жіберіледі. Онда құпиялықты қамтамасыз ету үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қызмет атқарады. Олар тестілеу сұрақтарын басып шығарумен айналысатын қызметкерлерді баспаханаға кіргенде және шыққанда толық тексереді. «Ондағылар баспадан шыққан сұрақтарды туыстары мен таныстарына таратуы мүмкін» деген ой тіпті болуы да мүмкін емес», - деп түсіндірді Дидар Смағұлов.

20190719112839_IMG_1344.JPG

Оның сөзінше, тестілеу жүріп жатқан күндері бір күнде 8-10 нұсқа таратылады, ал келесі күндері алдыңғы күні таратылған бір де бір сұрақ қайталанбайды. Яғни ҰБТ кезінде сұрақтарды фото не видеоға түсіріп алып, басқаларға көмектесуге болады деген ой шындыққа жанаспайды.

20190719112918_IMG_1349.JPG

«Сұрақтар қаншалықты жаңартылады?» деген журналистер сұрағына орталық директорының міндетін атқарушы жауап берді.

«Сұрақтар базасы жыл сайын жаңартылып отырады, нақтырақ айтар болсақ, бір жылда 30% жаңартылып, 34 мың жаңа сұрақ қосылады», - деді ол.

20190719112852_IMG_1345.JPG

Дайын болған тест кітапшалары Қазақстанның барлық аймағына, яғни қала, аудан, елді мекендері мен ауылдардағы тестілеу өткізілетін аудиторияларға дейін қалай жеткізілетіні туралы Ұлттық тестілеу орталығының қызметкері Рауан Серіков толық баяндап берді.

20190719113336_IMG_1352.JPG

«Тест материалдары жасалып шыққаннан кейін арнайы қапшықтарға салынады. Қапшықтарды бекіту кезінде күні жазылып, арнайы жасалған бітемелерге мөр басылады да үш түсті жіппен тігіледі. Егер қапшық алдын ала ашылған болса, осы белгілердің бұзылғаны бірден байқалып тұрады. ҚР ҰҚК өкілдері таңғы 7:00-7:30 аралығында тестілеу орындарына жеткізеді. Қапшықтардың жабық түрде, тәртіпке сай жеткізілгеніне көз жеткізген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері алыс-беріс актісін толтырып, бір-бір нұсқасын алады», - деп түсіндірді Рауан Серіков.

20190719113806_IMG_1360.JPG

Арнайы қапшықтардың ішінен алынған қорапшалар алынып, тек аудитория ішінде, балалардың көзінше ашылуы керек.

«Бір аудиторияда бір қорапша ғана ашылады. Оны ашпас бұрын қорапшалардың ашылмағандығына көз жеткізу үшін балалардың ішінен үш куәгер шақыртылады. Олар кітапшалар мен жауап парақшаларының саны дұрыс екенін тексереді», - деді Ұлттық тестілеу орталығының маманы.

20190719113644_IMG_1357.JPG

Осы орайда журналистердің бірі «Осыған дейін аудиторияда қорапшаның ашылған күйде жеткізілген жағдай кездесті ме?» деп сауал қойды.

«Құдай сақтасын, мен қызмет атқарып келе жатқан уақыт аралығында ондай жағдай мүлдем болған жоқ», - деп жауап берді орталықта 2,5 жылдан бері жұмыс істеп жүрген Рауан Серіков.

20190719113826_IMG_1363.JPG

Мамандардың сөзінше, жылдан жылға апелляцияға берілетін сұрақтар саны жылдан жылға қысқарып келеді. Мысалы, 2018 жылы 500-ге жуық сұрақ апелляцияға қабылданған болса, биыл 200-ге жуық сұрақ қайта қарау үшін тапсырылған.

Жиын барысында білім беру гранттарының саны туралы да айтылды. 2019 жылы бакалавриатқа 53 мың грант бөлінген болса, магистратураға – 13 мың (12 984).

Білім беру гранттары бойынша конкурсқа өтініштер шілденің 13-20 аралығында қабылданады. Білім беру гранттары конкурстық негізде маусым айында өткен ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес беріледі. 2019 жылдан бастап білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейіндік пәндердің комбинациясына сәйкес бөлінеді. Конкурс 21-31 шілде аралығында өткізіледі.


Фото: Артём Чурсинов

Сізден жаңалық