Бас жаңалықтар
Уақытылы күтім жасау дағдыға айналғанда ғана табиғи тісті сақтап қалуға болады – стоматолог
Сұхбат
11 Маусым 2021, 17:08 124

Уақытылы күтім жасау дағдыға айналғанда ғана табиғи тісті сақтап қалуға болады – стоматолог

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Тіс емдейтін стоматология қызметіне сұраныс жоғары. Стоматолог қызметіне кімдер жиі жүгінеді? Тіс неден бұзылады? Табиғи тісті сақтау үшін нені білу керек? Тіс саулығына қатысты қандай реформа жүргізілуі тиіс? Осы және басқа да сұрақтарға тәжірибелі стоматолог-терапевт Гүлмира Өміржанова жауап берді. 


– Жұмыс күніңіз қалай басталады? Стоматолог қызметіне қай жастағы адамдар жиі жүгінеді? Күніне қанша пациент қабылдайсыз?

– Жұмысымыз таңғы сегізден басталады. Көмекшім кабинетті пациенттерді қабылдауға дайындап қояды. Сосын қабылдау жүргізіледі. Ол кешкі жеті-сегізге дейін жалғасады. Уақытымыздың көбі осы орталықта өтеді десем де болады. Бір тәулікте бір дәрігерге 10-15 адам қаралады. Салыстырар болсақ, жұмыс күндері көбіне балалар көп келеді. Демалыс күндері ересектер қаралады.      

– Өзіңіз осы салаға қалай келдіңіз?

– Стоматолог болуды бала күнімнен армандадым. Үлкендер «Өскенде кім боласың?» дегенде тіс дәрігері боламын дейтінмін. Әулетімізде дәрігер мамандығын игерген ешкім жоқ. Оқушы кезімнен осы мамандыққа өзімді бейімдеп, дайындалдым. Степногрск қаласының Бестөбе кентінде туып-өстім, сол жерде орта мектепті тәмамдадым. Көкшетау медициналық колледжінде, Қарағанды медициналық институтында білім алдым. 2014 жылы алғашқы еңбек жолымды медбике,стоматологтың ассистенті болып бастадым. Осы орталыққа келген уақытта стоматологтың көмекшісі ретінде қызмет атқардым. Ұжымда өзімді жақ сы қырынан көрсетуге тырыстым. Қазіргі уақытта стоматолог-терапевт болып еңбек етіп келемін. Жұмыстың жеңілі жоқ. Осы саланы таңдағаныма өкінбеймін.

– Ересектер арасында тіс ауруларының қай түрлері жиі кездеседі?

– Ең жиі кездесін тіс аурулары – тіс жегісі (кариес). Оны уақытында емдемесе пульпит болады. Ол периодонтитке айналады. Осылайша асқынулар туындап, басқа тістер де зақымданады. Қазіргі күні жастардың көбі тістерін емдеп, тазалатса, үлкендер жағы тіс салдыруға келеді. Жасөспірімдер жағы брекет қызметіне жүгінеді. Көпсалалы клиника болғандықтан, тіс жұлдырудан бастап, брекет, тіс салу, емдеу, басқа да стоматологиялық қызметтер ұсынылады.

– Тіс емдеу қанша уақытқа созылады?

– Жас ерекшелігініне байланыс балалардың тіс емдеуіне аз уақыт жұмсалады. Себебі оларға бір орында тапжылмай отыру қиындау соғады. Ересектерге диагнозға байланысты бір-екі сағат ішінде ем жүргізіледі. Ауруы асқынған пациенттерге алдымен емдеу ұсынылады, бүлінген тістер жұлынады, кейін тіс салдыру үшін стоматолог-ортопедке жіберіледі. Орталыққа ауыл адамдарды көп келеді. Жазғы уақыттарда еңбек демалысымен келіп тіс емдететін шетелдіктер де бар.

– Тіс неден бұзылады? Көпшілік арасында «тіс емдеу қымбат» деген ұғым қалыптасқан. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Егер уақытында қаралатын болса, стоматотолог қызметі қымбат емес. Жылына екі рет профилактикалық тексерістен өтетіндер үшін қызмет құны қолжетімді деп айтар едім. Кариес кезінде ем жүргізуді бастау керек. Өйткені ол тез ұлғаяды. Қара дақ тереңдеп, тістің ішінің бәрін қарайтып жібереді. Оны тазаламай пломба салынбайды. Тіске түскен қара даққа мән бермей ауру басатын дәрі қабылдап жүре берсе, асқынулар пайда болып, нерв жүйесі қабынады, емдеу де ұзаққа созылады. Тістегі ақауларды тек дәрігер ғана көре алады. Көпшілік пломба салуды тістегі тесікті жай жаба салу деп түсінеді. Кариес тістің түбірін шірітіп, қабыну тістің жоғары қабатына дейін шығып кеткен жағдайлар да кездеседі. Қажетті қорек болмаса тіс өлі тіске айналады. Уақытылы ем жүргізілмесе, тіс үгітіліп, сынады, кейін түбірі ғана қалады. Оған дәрігер еш көмек жасай алмайды. Тістің түбірін жұлып тастаған соң, орны бос қалады. Қалған тістер жылжып, аралары ашылып, қозғалады. Оны адамның өзі сезбейді. Әрине, емделуге уақыт та, қаражат та көп жұмсалады. Бір тісті емдетуге айлап жүруіңіз де мүмкін. Әр клиниканың клиенттер үшін өз артықшылықтары бар. Біздің орталықта зейнетақы қорындағы шекті деңгейден асқан қаражат арқылы немесе бөліп төлеу қарастырылған. Соңғысы адамдар үшін өте тиімді. Біз қашанда пациенттер үшін пайдалы жолдарды іздейміз. Әр келушінің төлем қабілеті ескеріледі.

– Көп адам стоматологқа қаралудан неге қорқады?

– Стоматологқа деген қорқыныш адамның бала күнінен қалыптасады. Сол қорқыныш есейгенге дейін сейілмейді көп адамдарда. Пациенттерден «ертерек неге келмедіңіз, тіс ауруы асқынғанға дейін неге жүре бердіңіз?» деп сұрағанда көбісі «дәрігерге қаралудан жүрексіндік» деп жауап беріп жатады. Шыны керек, кеңес заманында анестетиктер қазіргідей болған жоқ. Дәрі сапасы да айтарлықтай болмады. Бүгінде медицинаның басқа салалары сияқты стоматология да бір орында тұрған жоқ, жылдан-жылға дамып келеді. Жаңа анестетиктер, дәрілер, материалдар шығады. Жаңашылдықтардың бәрін игеріп үлгеру керек.

– Стоматолия саласында қандай жаңалықтар бар?

– Имплантация, емдеудің түрлі жолдары, заманға сай құрал-жабдықтар, материалдар, дәрілер, бір сөзбен айтқанда, стоматология саласы жылдан-жылға ілгерілеп барады. Материалдар көбіне Жапония, Корея елдерінен, анестетиктер Германиядан, АҚШ-тан әкелінеді. Олардың барлығы медициналық стандартқа сай. Тістегі қуысты бітеу, эстетика үшін тіс қабатын түзеуге, азу тістерге әр түрлі материалдар қолданылады. Барлығы клиниканың ішкі жабдықталуына байланысты жүзеге асырылады. Бізде қолданылатын материалдар үнемі жаңартылып тұрады. Қазіргі күні химиялық жолмен қатаятын пломбалар қойылмайды.

– Тісін несиеге жөндететіндер көп пе? Қандай қызметке сұраныс көп?

– Барлық отбасының төлем қабілеті бірдей емес. Уақыт өткізіп алып стоматолог қызметіне жүгінетін пациенттер үшін тіс емдеу құны қымбатырақ болады. Ал қолма-қол төлем жасауға барлығының бірдей қалтасы көтермейді. Осы ретте артық пайызсыз бөліп төлеу ыңғайлы әрине. Алдымен дәрігерлер кеңес береді. Емдеу жоспарланады. Төлем сомасы белгіленеді. Бұған емдеу, протездеу, имплант қою, тіс тазарту, брекет салу сияқты қызмет түрлері кіреді.

– Қарапайым үй жағдайында тісті қалай күту керек? Арнайы дәрумендер қажет пе? Тіске қандай тағамдар зиян?

– Ең бастысы, гигиена, күніне екі рет тіс тазалау. Түрлі ауыз шайғыштарды қолдануға болады. Тамақ ішкен соң ауыз шаюды әдетке айналдыру керек. Үнемі қатты, не тым жұмсақ тағамдар да тіс бұлшықеттеріне кері әсер етіп, жақ сүйектеріне зақым келтіреді. Аса газдалған тәтті сусындар, чипсы, шемішке тісті бүлдіретінін ұмытпаған жөн.

– Тісті жиі ағартқан дұрыс па?

– Көп адам тісті көбінесе эстетика үшін ағартады. Оның әр түрлі жолдары және белгіленген мерзімі бар. Химиялық ағарту тістің эмаль қабатын бұзады. Кейін тіс ыстық-суыққа аса сезімтал болады. Стоматолог маманы ретінде адамның табиғатынан берілген тісінің түсін жиі ағартуды қолдамаймын. Қазір түрлі косметологиялық ағартқыш қарындаштар бар. Олардың барлығының уақытша ғана әсері бар. Бір процедура өмір бойына жетеді деп айта алмаймын.

– Қазіргі күні тіс ағартатын пасталар көп. Олар қаншалықты пайдалы деп ойлайсыз?

– Ағартатын пасталарды жиі қолдану тістің эмаль қабатын бұзады. Үш-төрт түрлі пастаны ауыстырып қолданған жөн. Тек бір пастаны ғана пайдалану деген қағида жоқ. Барлығының құрамы бірдей. Көбі бағасы қымбат брендке ұмтылады. Негізі таза шөптен жасалған табиғи пайдалы «Лесной бальзам» тіс пастасын пайдалануға кеңес берер едім.

– Осы мамандықтың қызығы мен қиындығы неде деп ойлайсыз?

– Әр саланың өз ерекшелігі болады. Дәрігер болу дегеніміз – пациенттерге сапалы кәсіби көмек көрсету үшін үздіксіз оқу және біліктілікті арттыру, өздігінен білім алу, инновациялық технологиялар трендінде болу. Өз басым әлі күнге мамандығыма ғашықпын. Күнде жаңа дүниені үйренесің, білім-тәжірибе жинақтайсың. Жұмыс барысында түрлі қызықты оқиғалар болып жатады. Мамандар күнделікті бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Жалпы дәрігер өмір бойы ізденетін мамандық. Қазір бәсекелестік көп, үнемі өзіңді жетілдіріп, қазіргі заманғы технологиямен жұмыс істей білуді үйрену қажет. Осы ретте Украина, Ресей, Белорусия елдерінің білікті дәрігерлер өткізетін түрлі семинар-вебинарларға қатысамыз, клиникаларда шеберлік сағаттары өткізіледі. Алдағы уақытта шетелде білімімді жетілдіру – арманым. Өйткені білікті мамандармен көзбе-көз сөйлесіп, тілдесу басқаша ғой. Әр мамандықтың өз қиындығы болады. Алдымызға келетін әр пациенттің өз мінезі бар, сондықтан стоматолог мықты психолог та болуы тиіс. Адамды өзіңе жақын тарта білсең, кез келген жанмен ортақ тіл табысуға болады. Осылайша арада сенім пайда болса, пациентте еш қорқыныш, емдеу барысында артық мәселе де туындамайды.

– Қазір винир қою сәнге айналды. Бұл қызметке жүгінетіндер көп пе? Имплант тісті кімдерге салуға болмайды?

– Винир алдыңғы тістерге қойылады. Бұл да эстетика үшін дер едім. Мысалы, тістері біркелкі емес пациенттер осы қызметке жүгініп жатады. Көбіне жастар жағы басым. Ол әр тіске пластина сияқты орнатылады. Брекет, имплант салар алдында терапевт ауыз қуысына толық санация жасайды. Имплант қою шағын операция арқылы жүзеге асырылады. Алдымен жақ сүйекке имплант орнатылады, алты айдан соң үстіне қаптама кигізіледі. Осылайша ол түбірі бар тіске айналады. Қант диабеті, гипертония, жүрек ауруы бар адамдарға имплант салуда қарсы көрсетілімдер бар. Бізде өз денсаулығына дұрыс көңіл бөлетін адамдар аз деуге болады. Уақытылы дәрігер тексеруінен өтуді кейінге қалдырудың соңы жақсылыққа апармайды.

– Жапонияда тіс саулығы туралы арнайы бағдарлама бар. Біздің елде қандай реформа жүргізілуі тиіс деп ойлайсыз? Тіске қаншалықты мән беруіміз керек?

– Елімізде зейнетақы қорындағы шекті деңгейден асқан қаражатты тіс емдеуге жұмсауға рұқсат берілді. Мұның өзі халық денсаулығы үшін жасалған игі қадам, реформа деуге болады. Бұрын қор жинау дегенді көп адам түсінбеді. Ал бүгінде артық жинақтары барлар өз денсаулықтарын түзеуге керемет мүмкіндік алып жатыр. Сақтандыру жүйесі сияқты әр адам жалақысының 1-2%-ын ай сайын тіс емдеу үшін аударып отыратындай бағдарлама қабылданса, тіс ауруларының алдын алуға болар еді. Тістің саулығы – ағзаның саулығы. Уақытылы күтім жасау дағдыға айналғанда ғана табиғи тісті сақтап қалуға болады. Сау тістің ас қорыту жүйесіне тікелей әсері бар. Асқазан бұзылса, бауыр, бүйрекке де зақым келеді. Тіс күтімі бала күннен бастау алуы тиіс. Әр ата-ана баласын тіс тазалауға, стоматологқа қаралуды үйреткені жөн. Әрі бұл қаражат жағына да үнем болары сөзсіз.


Фото: автордан
Загрузка...