ТЖ. Ақмола облысында банк жүйесінің жұмысы тұрақталып келеді
12 Қаңтар, 09:25 251

ТЖ. Ақмола облысында банк жүйесінің жұмысы тұрақталып келеді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының аумағында екінші деңгейлі банктердің жұмысы тұрақталып келеді. Банктік қосымшалар интернетке қосылмай-ақ қолжетімді.

Көкшетау қаласындағы «Сбербанк» АҚ ЕБ филиалының директоры Әсел Махмұдова банк жұмысы туралы айтып берді.

Ел аумағында төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты мобильді байланыс пен интернет іркіліспен жұмыс істей бастады. Алайда, қазір жағдай тұрақталуда. Клиенттермен қалыпты режимде жұмыс істей бастадық. Валютадағы конверсиялық және халықаралық аударымдарды қоспағанда барлық кассалық, аударым операциялары жүзеге асырылуда, өйткені қор биржасы жұмыс істемейді. Біздің мобильді қосымшамыз үш күннен бері жеке тұлғалар үшін стандартты режимде қолжетімді, тіпті интернетсіз де кіруге болады. Заңды тұлғалар барлық төлемдер мен аударымдарды қағаз түбіртек түрінде де «СберБизнес» мобильдік қосымшасы арқылы да жүзеге асырады, – деді Көкшетау қаласындағы «Сбербанк» АҚ ЕБ филиалының директоры Әсел Махмұдова.

6 қаңтардан бастап «Сбербанк» банкоматтарды қолма-қол ақшамен қамтамасыз етті. Абай, 86 ғимаратында орналасқан төрт банкомат тәулік бойы жұмыс істейді.

Қолма-қол ақша таусылғаннан кейін жағдай күрделенгені белгілі. Осы аптада бәрі қалпына келеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ біз басқа банктер сияқты 31 қаңтарға дейін жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемейміз. Яғни, төтенше жағдай кезінде жұмыс істемеген және қаңтар айында несиелерін өтеуге мүмкіндігі жоқ кәсіпкерлер болса, онда мұндай қарыздар бойынша мерзім есептелмейді. Ең бастысы, қаңтар айының соңына дейін жоспарлы төлемдер жасау. Сондай-ақ банк қаза болған әскери қызметшілердің несиелері есептен шығарылады деген идеяны қолдайды, – деп толықтырды филиал директоры.

Барлық банктерде байланыс орталықтары, сайттар және Instagram парақтары бар, онда қажетті ақпаратты алуға болады.

Бөлімшелердің бір бөлігі штаттық режимде жұмыс істеуде. Біз барлық операцияларды интернетсіз жұмыс істейтін мобильді қосымшада жүргізуді ұсынамыз. Төтенше жағдай кезінде банк жеке және заңды тұлғалардың барлық кредиттері бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтатады, қазір банкоматтарда ақша алуға лимит белгіленген – тәулігіне бір картадан 100 мың теңге ғана алуға болады. Барлық бөлімшелердегі айырбастау пункттері уақытша жұмыс істемейді, – деп түсіндірді «Форте банк» филиалының баспасөз қызметі.  

«Жусан Банк» те төтенше жағдай кезінде қарыздар бойынша төлемдердің мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімпұл есептемейді. Карталар мен қосымшалар тұрақты жұмыс істейді. Реттеушінің қаулысына сәйкес валюта айырбастау мүмкін емес. 

 «Отбасы Банк» жұмысын қалпына келтірген жоқ. Алматы қаласында интернеттің болмауына және ондағы негізгі банк департаменттерінің толыққанды сервистерді ұсыну мүмкіндігінің болмауына байланысты барлық филиалдардағы бөлімшелер мен колл-орталық уақытша жұмыс істемейді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...