«Түйе сұрасаң, бие береді». Аналар капиталына 4,2 млн теңге бөлу дұрыс көтерілген мәселе – экономист

4 Наурыз 2021, 17:12
3316
Бөлісу:
«Түйе сұрасаң, бие береді». Аналар капиталына 4,2 млн теңге бөлу дұрыс көтерілген мәселе – экономист

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайылов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ана капиталын енгізуді ұсынған болатын. 

4,2 млн теңге үлкен қаражат. Үкімет көпбалалы аналарға мұндай қаражатты бөлуге қауқарлы ма? Бұл мәселе тек сөз жүзінде қалып қоя ма деген сауал бойынша экономист, GSB бизнес талдау орталығының директоры Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

4,2 млн теңге - бұл өте көп қаражат. Дегенмен бұның Парламентте көтеріліп жатқаны дұрыс. Үкіметке белгілі дәрежеде ұсыныстар айтылып, ертең нақты бір келісімге келуі де мүмкін. Тіптен, осы айтқан соманың жартысы берілетін болып жатса, ол да жақсы. Аналық капитал жайлы бұған дейін экономисттер талай ұсыныс айттық. Негізі бұл ананың мәртебесін арттырады және еліміздегі орнын айқындап береді. Сондықтан ана капиталы болуы керек. Өз болашағын ойлайтын мемлекет оны іске асырады, - дейді экономист. 

Сондай-ақ ол демографияны өсіру керек, көбеюіміз керек деп нұсқау бермес бұрын аналарға жағдай жасау қажеттігін айтады.

Демографиялық жағдайды жақсарту керек, көбейіңдер деп нұсқау беру бір бөлек. Ертең далада қалып, кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатса, «көпбаланы кім дүниеге әкелсін деді» деген сияқты сындар көп айтылады. Сондықтан белгілі дәрежеде аналық капиталдың болғаны дұрыс. Қазіргі мәселе оның көлемінде емес. Біз көбінде Ресейді мысалға алып, соның деңгейі жайында айтып жатырмыз. Ресейде бірінші туған балаға шамамен 2,5 млн теңгедей қаражат береді. Бұл өте жақсы. Егер бала саны көбейсе, оған берілетін төлемнің көлемі өсе береді. Оған қоса көпбалалы отбасының ипотекалық несиесі болса 2,5 млн теңгедей ақшасын мемлекет жауып береді. Мұндай қолдаулардың бізде де болғаны дұрыс, - дейді ол.  

Сонымен қатар ол аналық капитал мәселесі Еуропа елдерінде кең тарағанын айтады. 

Мәселен Венгрияда 31 мың еуро көлемінде аналық капитал тағайындалады. Оны теңгеге шақсақ, 15 млн-нан асып жығылады. Сондай-ақ көпбалалы ана болса, оған тағыда 7,5 мың еуродай субсидия беріледі. Бұл минивен сияқты үлкендеу көлік алу үшін беріледі. Сонымен қатар көпбалалы отбасы салықтан мүлдемге босатылады, яғни өмірінің соңына дейін салық төлемейді. Бұл үлкен көмек. Менің ойымша, осындай қолдаулар белгілі дәрежеде бізде де болу керек, - дейді М. Халық. 

Сарапшының айтуынша, қоғамның негізгі әлсіз тұсы көп жағдайда көпбалалы отбасы болады. Ол, әсіресе, біздің елде көрініс тауып отыр. 

Біздегі бір зерттеу институтының деректерін көріп отырсам, елімізде 6 млн бала бар екен. Соның 1 миллионы кедей отбасыда өмір сүріп жатыр екен. Бұл мән беретін үлкен жайт. Өйткені бір млн бала ертең өсіп-жетіледі. Кедей отбасында өссе, олардың денсаулығы нашар болуы мүмкін. Оған қоса түрлі үйірмелерге қатысу жағы шектеулі. Сондықтан осы мәселеге үлкен көңіл бөлу керек. Қиналып жатқан отбасыларға мемлекет тарапынан көмектесу кез келген әлеуметтік сипаты бар мемлекеттің міндеті, - дейді экономист.

Өзгелердің жаңалығы