Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы кері қайтарылған заң біздің қоғамға керек еді – Гүлмира Шрахметова

29 Маусым 2021, 14:42
5084
Бөлісу:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы кері қайтарылған заң біздің қоғамға керек еді – Гүлмира Шрахметова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова «Желмая» жобасы барысында айтты.

Оның айтуынша, кері қайтарылған заңда керісінше, отбасы мүшелерін зорлық-зомбылықтан қорғаудың барлық тетіктері қарастырылған. Мұндай заңның жоқтығы жәбірлеушілерге қатысты шара қолдануда қолбайлау болып отыр. Осыдан да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселісі түбегейлі шешімін таппай жүр.

Мысалы, қазір қолданыстағы заң бойынша біз жәбір көрсетуші агрессорды егер оның басқа баспанасы болмаса, отбасынан оқшаулау үшін алып кете алмаймыз. Ал қай отбасында екі-үштен баспана бар? Көбі пәтер жалдап тұрады. Сондықтан біз әйел мен балаларды дағдарыс орталықтарына апаруға мәжбүрміз. Ол жерде психолог, заңгер мамандар жәбірленушілермен жұмыс жасайды. Жәбір көрген адам психологиялық тұрғыда көп-көрім оңалып қалады. Ал үйде жалғыз қалған агрессормен ешкім олай жұмыс істемейді. Мерзім өткен соң дағдарыс орталығынан шыққан әйел мен бала қайтадан соның жанына оралады. Ал агрессор баяғы әнін қайта бастайды, - дейді ол.

Оның айтуынша, қабылдануы тиіс болған заң жобасында бұл мәселенің бәрі қарастырылған болатын.

Бізге көп балалар хабарласады. Әкеміз неге қайтадан үйде жүр? Полиция қайда қарап отыр? деп. Ол балаға біздің елдің заңы осындай екенін айтып түсіндіру қиын, - дейді ол.
Бұған дейін полиция подполковнигі жәбір көрген әйелдер полицияның қолынан ештеңе келмейді деп ойлайтынын айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы