Бас жаңалықтар
Түркиялық компания Екібастұзда жылыжай салуға ниетті
11 Маусым 2019, 19:07 377

Түркиялық компания Екібастұзда жылыжай салуға ниетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия мемлекетінің Dal Holding Investment компаниясы қызанақ, қияр және басқа да көкөністер өсіруге арналған «Екібастұздағы жылыжай кешенінің құрылысы» жобасын қолға алмақ, деп жазады Рavlodarnews.kz.

«Павлодар» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Әлбек Несіпбековтың айтуынша, Павлодар облысына аталмыш жоба бойынша Dal Holding Investment компаниясы басшысының кеңесшісі әрі орынбасары Шекер Джемалеттин арнайы келген. 

«Екібастұз қаласының әкімі мейманмен жеке кездесіп, жобаның жүзеге асуын, техникалық мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Түркиялық кәсіпкерге алғашында бірнеше жер учаскесі берілген болатын. Алайда, инвестор кеншілер шаһарын таңдады. Сондай-ақ, Шекер мырзаға өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Кездесуге «Kazakh Invest» пен «Павлодар» ӘКК» өкілдері қатысты», – дейді Әлбек Несіпбеков. 

Бұл жоба 2020-2024 жылдары жүзеге асады. 1500-1700-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. 

Айта кетейік, Dal Holding Investment компаниясы 1985 жылы Стамбулда құрылған. Әлем бойынша онда екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания ірі капитал айналымымен танымал әлемдік кәсіпорындардың қатарына кіреді. Ол заманауи инженерлік құрылымдарды жобалаумен, өндірумен және монтаждаумен айналысады. Сонымен қатар, он жыл ішінде холдинг тау-кен саласында, электромоторлар, цемент, автоматтандырылған жүйелер мен машина жасау өндірісінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Загрузка...

Сізден жаңалық