Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мейрамы қарсаңында Ыстамбұлдағы алаңға Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді, деп жазды 24.kz.
Ұлы ақынның есімі берілгенге дейін бұл алаң «Иста-сион мейданы» деп аталыпты. Тап осы алаңда мегаполистің Еуропа мен Азия құрлығын жалғайтын Мармарай темір жолы бекеті орналасқан. Мұндай игі шараға Зейтинбурну ауданының таңдалуы бекер емес. Себебі Түркиядағы қандастарымыздың дені дәл осы жерде өмір сүреді.
Күллі түркіге ортақ Наурыз мейрамы қарсаңында өткен шараға жергілікті тұрғындар дән риза. Өйткені мұндай іс-шаралар пандемияға байланысты бірнеше айдан бері тоқтатылған. Дегенмен, Қазақстан үшін арнайы рұқсат шығыпты.
Түркия мен Қазақстан бауырлас мемлекеттер. Әлемді мойындатқан ойшылдың есімін осында мәңгілік сақтау орынды шешім болды. Қос тарап та мұның жүзеге асуы үшін көп еңбек етті. Абай алаңының Зейтунбурнунда ашылуы бауырластықтың нышаны. Бұл нышан ғасырлар бойы сақталатынына сенімдіміз. Қазақстан мен қазақ бауырларыма сәлем жолдаймын, - деді қала мэрі Экрем Имамоғлы.
Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ыстанбұл мэрі Екрем Имамоғлу, ҚР Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, қала тұрғындары мен қазақ диаспорасы қатысты.