Бас жаңалықтар
Түркияда жаңа оқу жылындағы сақтық ережелері бекітілді
07 Қыркүйек 2021, 22:48 536

Түркияда жаңа оқу жылындағы сақтық ережелері бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркияда бір жарым жылдан кейін 18 миллион оқушы мен 1 миллионнан астам мұғалім мектеп қабырғасында қайта қауышты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Анадолыда орта білім беру орындары мен университтер жаппай дәстүрлі білім беруге көшті. Ұлттық білім беру министрлігі жаңа оқу жылындағы сақтық ережелерін бекітті. Оған сәйкес, оқушыдан немесе мұғалімнен коронавирус анықталған жағдайда сынып оқуын жалғастырады. Балалардың 14 күн бойы тәулігіне 2 рет дене қызуы өлшеніп, үзіліске басқа сынып оқушыларынан бөлек шығады. Ал егер 10 күнде екінші оқушы ковид жұқтырған жағдайда екі аптаға карантинге жіберіледі. 

Мектебіміздегі 25 мұғалім мен 10 жұмысшы толық екпе салдырды. Былтыр министрліктің ережелерін мүдірмей орындауымыздың арқасында бірде бір коронавирус анықталған жоқ. Биыл тап солай болады деп ойлаймын. Басқа мектептерде вакцина салдырмаған мұғалімдер мен қызметкерлерден үнемі ПТР сынамасының талап етіліп жатқанын естідім, - деді мектеп директоры Мехмет Почталық.
Оқушылардың сыныптағы және автобустағы орындарын ауыстыруға тыйым салынған. Жыл басында қай орындықта отырса, оқу жылының аяғына дейін сол жерде отыруы тиіс. Сондай-ақ тасымалдау көлігінде оқушылардың бірінен қауіпті індет анықталған жағдайда басқа оқушылар науқаспен қатынаста болған деп есептеледі. Дегенмен олардың оқшаулануы үшін әрбір оқушының бетперде тағып-тақпағаны тексеріледі. Егер бетперде тақпағандар болса, автобустағы барлық оқушы 14 күнге карантинге жіберіледі. 
Биылғы ерекшелік – мектеп қабырғасындағы адамдардың бәрі сақтық шараларын жақсы меңгерген. Әрбір 1,5 сағатта маска ауыстырамыз. Ата-аналардың мектеп ауласына кіруіне тыйым салынған. Әрине, қорқамыз. Бірақ коронавируспен өмір сүруді үйренуіміз тиіс, - деді мұғалім Асуман Ақюрек.

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп қабырғасында жұмыс істейтін қызметкерлер мен университтегі 18 жастан үлкендер екпе куәлігі мен аптасына екі рет ПТР сынамасы нәтижесін көрсетуге міндетті. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қазірге дейін мұғалімдердің 72% астамы вакцинаның екі дозасын да қабылдаған. Ал бірінші дозасын 85 проценті алған.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...