Түркияда өтетін фестиваль «Томирис» фильмімен ашылады

7 Қараша 2021, 12:50
941
Бөлісу:
Түркияда өтетін фестиваль «Томирис» фильмімен ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарашаның 8-12 аралығында Ыстанбұлда өтетін Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің ашылу салтанатында «Томирис» көркем фильмі көрсетіледі. 

Бұл туралы кинотуындының режиссері Ақан Сатаев өзінің инстаграмдағы парақшасында жазды.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қазақстандық туынды биыл қыркүйек айында Түркияда прокатқа шығып, 200-ден астам кинотеатрда көрсетілген болатын.

Түркияда алғаш рет өткізіліп отырған Korkut Ata кинофестивалінде биыл 13 елден барлығы 42 кинотуынды қатысады. Фестиваль шеңберінде Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сынды Түркі әлемі елдерінің киногерлері түрлі жанрда, соның ішінде тарихи, фантастика, деректі және анимация жанрында түсірілген үздік туындыларын ұсынады.

Еліміздің атынан аталған фестивальге бірнеше фильм қатысады. Фестивальдің басты байқауларының бірі – көркем фильмдер бағдарламасында Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, ал деректі фильмдер байқауында режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» фильмі бақ сынайды. Ал анимациялық фильмдер байқауында Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетіледі, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар фестивальдің тарихи туындыларына арналған бағдарламасында Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі көрсетілсе, ал «Заманауи фантастика» байқауында көрермендерге «Бегарс Елубайдың «Оазис» фильмі ұсынылады.

Түркияда өтетін фестивальге Қазақстанның халық артисі Асаналі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, актрисалар Альмира Тұрсын және Аружан Жазылбекова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев және басқалары қатысатындары белгілі болды.


Өзгелердің жаңалығы