Түркістан облысында жаңа аудан құрылатын болды

31 Желтоқсан 2020, 04:41
1332
Бөлісу:
Түркістан облысында жаңа аудан құрылатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан картасында жаңа аймақ пайда болады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Елеулі оқиғаны ел құлағына жеткізу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына арнайы келіп, тұрғындармен жүздесті. 

Бүгін біз өздеріңізбен үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Кентау қаласындағы елдімекендердің дамуына қанша көңіл бөлгенімен, ары қарай дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, Кентау қаласы шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің Кентау қаласында орналасуы қала деңгейін аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуі, елдімекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қамтылуы, қала орталығының ауылдық елдімекендерден шалғайда орналасуы, сондай-ақ, Кентау қаласы өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамығандығын ескерсек, Кентаудың аудандық орталыққа айналуы іс жүзінде қала дамуының баяулауына және ауылға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылған мәселелерді саралай келе, жаңадан аудан құрылатын болды. Бұл ауданға  «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп «Шорнақ» елдімекенін бекітуді орынды деп санаймын, – деді облыс әкімі.  
Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» аты беріледі. Өйткені ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты. Шорнақ елді мекені жаңа ауданның әкімшілік орталығы болып қалыптаспақ.  Жақсы жаңалыққа жергілікті халық бек қуанды. Маңызды бастаманы зиялы қауым мен ардагерлер бірауыздан қолдады.  
Барлығымыздың көкейімізде жүрген маңызды мәселені көтеріп, оны шешуге ұйытқы болғаныңыз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл жүрекжарды жаңалық, оны жоғары жаққа жеткізіпсіз. Жаңа құрылатын ауданның өркендеп, дамуын ел болып қолдап, үлес қосуға дайынбыз, – деді Шорнақ ауылының ардагерлері.  
Жаңа аудан құру және онда аудандық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дамуға жаңа серпіліс алмақ.  

«Сауран» ауданы келер жылғы «Наурыз» мерекесі қарсаңында ашылады. Ал, Кентау қаласы  өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дами отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне үлес қоспақ. Кентау қаласына жасаған сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан пайдалануға берілген Кентау қаласындағы емханада болды. Жедел жәрдем көрсету станциясымен ауысымына 500 науқас қабылдайтын қалалық емхана соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Жобаға облыстық бюджеттен 838,8 млн. теңге қаржы қаралған. Бүгінде емханада амбулаторлық-емханалық, алғашқы-медициналық, консультациялық-диагностикалық көмек, коронавирус инфекциясы бойынша сүзгі бөлімі және жедел жәрдем қызмет етуде. Қазіргі таңда мұнда 248 дәрігер және  906 орта медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Емханада 32 мобильді топ құрылған. 

Облыс әкімі Кентау қаласындағы сайлау учаскесінде болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Кентау қаласы бойынша 74 сайлау учаскесі, 506 сайлау учаскелік комиссия мүшелері бар. Оның ішінде бір сайлау учаскесі жабық учаске (қалалық орталық аурухана). Бүгінгі таңға 74 сайлау учаскесінде 107199 сайлаушы бар. Барлық сайлау учаскелері «Қол жетімді карта» базасына енгізілген.

Өзгелердің жаңалығы