Түркістандағы 5 адамның өлімі: Облыс әкімдігі отбасыға қаржылай көмек көрсетеді

28 Ақпан 2021, 12:26
2926
Бөлісу:
Түркістандағы 5 адамның өлімі: Облыс әкімдігі отбасыға қаржылай көмек көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Түркістан қаласындағы улы газдан орын алған қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл брифинг барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның төрағасы Арман Жетпісбай айтты.

27 ақпан күні Түркістан қаласында қайғылы жағдай салдарынан 5 адам қайтыс болды, оның ішінде кәмелет жасына толмаған балалар бар. Осы қазаға байланысты марқұмдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Аталған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына барлық құзырлы орган өкілі қосылды. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен комиссияның бірінші отырысында тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Әкім Өмірзақ Шөкеев кеше оқиға орнына барып, қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанынан құрылған психоогтар тобы және қала әкімдігінің қызметкерлері көмектерін көрсетуде, - деді ол.

Комиссия төрағасы қайтыс болғандардың мүрделері сот-медициналық сараптамадан өткізіліп, туыстарына табысталғанын жеткізді. Жерлеу орнына жеткізу үшін арнайы көлік ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов және басқа да қала өкілдері жерлеу рәсіміне қатысуда. Жерлеуге байланысты және басқа да материалдық шығындар толықтай өтелетін болады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан қайғылы жағдайға ұшыраған отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі. Облыстық мемлекеттік қызметтер көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударуға ниет білдіріп отыр. Қазір орын алған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру нәтижесінде жауапты тұлғалардың кінәсі анықталар болса, заң аясында жауапкершілікке тартылады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы