Түркістанда жас суретшілер симпозиумы өтті 

21 Қазан 2021, 13:48
11587
Бөлісу:
Түркістанда жас суретшілер симпозиумы өтті 
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысы Төлеби ауданында «Төлеби – Ұлы дала мекенім» атты суретшілер пленэрі мен «Бір өлке – бір сурет» атты жас суретшілер симпозиумы өтті, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алты күнге созылған іс-шараға көршілес елдерден және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан халықаралық дәрежедегі суретшілер қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, егеменді еліміздің болашағы – жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеу, жас суретшілерге қолдау көрсету, олардың шығармашылығын шыңдау мақсатындағы облыстық «Бір өлке – бір сурет!» атты жас суретшілер симпозиумы да жастарға ерекше шабыт сыйлады.

Түркістанда жас суретшілер симпозиумы өтті 

Симпозиумның қорытындысы ретінде Төлеби аудандық мәдениет үйі алдында жас суретшілердің өнер туындылары мен қылқалам шеберлерінің жаңа шығармалары қойылған көрме ұйымдастырылды. Суретші, мәдениет қайраткері, гобеленші Құттыбек Тыныбекұлының шығармаларынан да көрме өткізілді.

Түркістанда жас суретшілер симпозиумы өтті 
Сурет өнерінің қыр-сырын меңгерген мамандар Төлеби жерінде бас қосып, өзара пікір алмасып, шабытына шабыт қосты. Жанры және стилі әр қилы суретшілердің басқосуының Төлеби төрінде өтіп жатқаны біз үшін ерекше қуаныш әрі мақтаныш. Алты күнге созылған «Бір өлке – бір сурет!» атты облыстық жас суретшілер симпозиумы жас суретшілер үшін пікір алмасу алаңы ғана емес, тәжірибелі мамандардан үйрену, олардың ағалық ақыл кеңестеріне көңіл бөлу кезеңі болды. «Суретшілер үйінің» алғаш болып, ауданымызда бой көтеруі жалынды жастардың талантын ашары анық, – деді аудан әкімі Төлеген Телғараев.
Түркістанда жас суретшілер симпозиумы өтті 

Пленэрге қатысқандарға аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың алғыс хаты мен Құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтары табыс етілді. Сондай-ақ симпозиумға қатысқан 16 жас суретшіге 50 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, сертификаттар ұсынылды. Жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.


Өзгелердің жаңалығы