Түркістанда жабық базарлардың cенбі күні жұмыс істеуіне рұқсат берілді

27 Қазан 2020, 22:17
1560
Бөлісу:
Түркістанда жабық базарлардың cенбі күні жұмыс істеуіне рұқсат берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын ұзарту туралы қаулыға өзгерістер енгізілді. 

Қаулыға сәйкес, 26  қазаннан  бастап облыс аумағындағы сауда орталықтарының, сауда үйлерінің және жабық базарлардың қызметі 4 шаршы метрге 1 адамнан келетін сыйымдылықпен сенбі күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейінгі уақыт шектеуімен жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Сонымен қатар, жаңа қаулы бойынша санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, әлеуметтік арақашықтықты және бетперде кию режимін сақтай отырып, ғимарат аумағын 30 пайыздан асырмай толтырып кинотеатрлардың қызметіне рұқсат беріліп отыр.

Қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау қажет. Мәселен, 65 жастан асқан адамдарға мүмкіндігінше көшеге шығуына шектеу әлі де сақталады. Сондай-ақ, облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты отбасылық мерейтойлар, еске алу, құдалық, той, беташар және тағы басқа да жиындарды өткізуге тыйым салынады. Облысымыздағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік және санитариялық-дезинфекциялық талаптарды мұқият сақтауға шақырамыз, - деді Нұрбек Садықбекұлы. 

Сондай-ақ, бас санитариялық дәрігер, әр азамат жеке бас гигиенасын сақтай отырып, көшеде, қоғамдық орындарда, адамдар көп жиналатын орындарда міндетті түрде бетперделік режим мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы