Түркістанда тұрақтандыру қоры 327 тоннадан астам азық-түлік тауарын сатты

29 Шілде 2021, 11:12
4220
Бөлісу:
Түркістанда тұрақтандыру қоры 327 тоннадан астам азық-түлік тауарын сатты

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияның салдарынан көптеген кәсіпкер мен ел тұрғыны, жұмыс орны тұралап, зардап шегіп жатыр. Облыс жұртшылығын бір жағынан коронавирус індеті қыспаққа алып жатса, екінші жақтан қымбатшылықтың да алқымнан алып жатқаны жасырын емес. Бұл ретте аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанына аз-кем шолу жасай кетсек.

Түркістан облысының және Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өткізілетін жәрмеңкелер іс-шарасы жоспарға сәйкес, осы жылдың 17 шілдесінен басталды.

Нақтырақ айтқанда, әр сенбі күндері сағат 9:00-ден 15:00 аралығында «ЭКО-БАЗАР» әмбебап сауда орталығында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының тұрақтандыру қорында құны 545,9 млн теңгелік 5 825 тонна тауар түрі бар. Оның ішінде қоймада 36,6 тонна азық-түлік бар. Ұн – 17 тонна, қант – 0,3 тонна, күріш – 2,5 тонна, рожки – 6,8 тонна, тұз – 10 тонна, ал жеткізушілердің қоймаларында 5 788,4 тонна тауар сақталған. Мұнда ұн – 70 тонна, картоп – 4 058,1 тонна, сәбіз – 955,7 тонна, қырыққабат – 142 тонна, пияз – 263,3 тонна, күріш – 243,8 тонна, рожки – 55 тонна.

Негізгі өнімдер бойынша отандық өнімдер қала тұрғындары мен қонақтарына базар нарқынан 10-15% төмен бағада ұсынылады.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарының айтуынша, келесі азық-түлік тауарлары бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, яғни 33 тонна қарақұмық, 20 тонна күнбағыс майы мен 48 тонна қант сатып алынбақшы.

Басқарма мамандары «Айналым схемасы» шеңберінде Магнум сауда үйіне 200 млн теңге қарыз берілгенін және 4 кәсіпкерден 770 млн теңге қарыз алу жөнінде өтінім келгенін атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорының депозитінде 570,8 млн теңге орналастырылған.

Сонымен Түркістан қаласындағы азық-түлік тауарлары 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйінде сатылуда. Тұрғындарға нан 75 теңгеден, ұн 130 теңге, қант 205 теңге, картоп 89 теңге, сәбіз 76 теңге, пияз 56 теңге, рожки 186 теңге, күріш 245 теңге, тұз 43 теңгеден сатылып жатыр.

Тұрақтандыруға қатысты тағы бір айта кететін жайт, биыл Түркістан облысының алты аудан әкімдігімен (Сайрам, Түлкібас, Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес) бірлесіп 16 ауылға көшпелі сауда жүргізілді. Халыққа жалпы сомасы 12,6 млн теңгеге 101 тонна тауар сатылды.

Жыл басынан бері Түркістан қаласында 15 азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде 6,5 млн теңге сомасына 62,4 тонна тауар сатылды. 2021 жылы тұрақтандыру қоры әлеуметтік павильондар, жәрмеңкелер және көшпелі сауда арқылы жалпы сомасы 33,6 млн теңгеге 327,3 тонна азық-түлік тауарын сатты.

Аталған шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыруға өз септігін тигізетін болады.

Өзгелердің жаңалығы