Бас жаңалықтар
Түркістанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты
03 Наурыз 2021, 16:41 330

Түркістанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы басталған коронавирус індетінің зардабын адамзат әлі де тартып келеді. Денсаулығына атүсті қарайтын азаматтар өз өміріне алаңдап, сақтана бастады. Қауіпсіздік шараларын ұстанып, саламатты өмірдің қадірін ұғына түсті. Елімізде қоғамдық денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру, елдегі эпидемиологиялық жағдай, медициналық білімді жаңғырту жұмыстары тереңдетіп жүргізіліп жатыр. Десе де, медицинада олқы тұстар, кемшіліктер бары жасырын емес.

Осы мақсатта денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа кеңінен насихаттап түсіндірудің маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні болып бекітілді. Осыған орай, аймақта 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Уақыт өтуде» атты жыл сайын өтетін айлық басталып кетті. Бұл ретте біз Түркістан облысы бойынша ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасында туберкулезбен күресу жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарларының қорытындысына тоқтала кетсек.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында туберкулез ауруының салыстырмалы көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны байқалады. Қазақстан бүгінгі таңда туберкулез науқастарын емдеу көрсеткіші бойынша басқа елдермен салыстырғанда емдеу тиімділігі жағынан алда келе жатыр. 

Айталық Түркістан облысында туберкулезбен ауыратын науқастардың арасында емдеу тиімділігі жақсарып 96,0% құраған. Ал бұл ДДСҰ стандарты бойынша 85% кем болмауы тиіс деп көрсетілген.

2019 жылмен салыстырғанда туберкулезбен аурушаңдық 26,5%-ға немесе 100 мың тұрғынға есептегенде 36,0-ден 26,5-ке дейін төмендеді. Яғни 721 жағдайдан 538-ге азайған. Халық арасында туберкулездің таралуы 23,7%-ға немесе 100 мың тұрғынға есептегенде 860 жағдайдан 666-ға төмендеді. Өлім көрсеткіші 20,0%-ға яғни 100 мың тұрғынға есептегенде 1,0-ден 0,8-ге дейін, 20 жағдайдан 16-ға төмендеп отыр.

Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбековтің айтуынша, туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек 2015 жылдың 3 желтоқсанындағы №359 облыс әкімдігінің қаулысының негізінде беріліп келеді.

Бүгінгі таңға дейін ай сайын амбулаториялық деңгейдегі науқастарға қаржылай 5-10 АЕК көлемінде тұрақты түрде берілуде. 2020 жылы Түркістан облыстық әкімдігі тарапынан 189 млн 277 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек қаржылай берілді. Ай сайын әр науқастың жеке есепшотына 26500-27700 теңге аралығында ақша аударылды. Түркістан облысы бойынша қазір туберкулез ауруынан эпидемиологиялық жағдай тұрақты, - деді Болатхан Салыбекұлы.

Орталықта COVID-19 диагностикасын жүргізу мақсатында 2020 жылдың сәуір айынан бастап полимеразды-тізбекті реакция әдісімен вирусологиялық зертхана ұйымдастырылды. 

Ал осы жылдың қаңтар айынан бастап 15 төсек-орындық Пульмонология бөлімі іске қосылып, туберкулезден басқа өкпесінде созылмалы аурулары бар науқастар жатқызылып, емделуде. 

Сондай-ақ тағы бір жағымды жаңалық, орталықта 20 төсек-орындық туберкулезден кейінгі медициналық Оңалту бөлімі ашылып, онда 5 жыл көлемінде туберкулезбен ауырып, емделіп шыққан науқастарға қайтадан ауырып қалудың алдын алу мақсатында оңалту шаралары жүргізілуде. 

Жаңа аппараттар, қайта даярлықтан өткен мамандар

Туберкулезді ерте анықтау сапасын жақсарту үшін Hain-test генді-молекулярлы аппараты іске қосылды. Орталықтың бактериологиялық зертханасы жаңа заманауи генді-молекулярлы аппараттармен жұмыс жасауда. Мұнда 1 дана G-Xpert MTB/RIF, 2-Бактек, 1-Бионер және 1-Хайн-тест аппараттары бар.

Туберкулезді анықтау және диагноз қою бойынша бастапқы медициналық көмек көрсететін мекемелердің дәрігерлеріне нормативті ережелерге сәйкес 450 дәрігер және 850 медбике оқытылып, сараптама жүргізіліп сертификаттар берілді. «Дәрігерлерді дипломнан кейінгі оқыту институты» арасындағы келісімшарт негізінде 12 дәрігер «Пульмонология» мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтті. «Бизнес құрылымдары басшыларының туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша орта және кіші бизнес өкілдерінің 2020 жылғы арналған» бірлескен тренингтер өткізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылды. «Жолдас» және «Үміт» үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен дөңгелек үстел отырыстары өткізілді.

Биыл орталықта туберкулезді сапалы диагностикалау мақсатында жергілікті бюджет есебінен компьютерлік томограф және торакоскопиялық видеоэндоскоп аппаратын алуды және БМСК ЖТД туберкулезге күдікті пациенттердің қақырығын молекулярлы-генетикалық әдіспен тексеру мақсатында GeneXpert аппаратымен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отырмыз, - деді орталықтың бас дәрігері.

Сонымен қатар БМСК ұйымдарының терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің, рентген-дәрігерлер мен дәрігер-иммунологтар арасында туберкулезге қырағылығын жоғарылату да көзделген. 

Айтпақшы осы жылдың қаңтар айынан бастап орталық дәрігерлерінің жалақысы 30 пайызға, медбикелердікі 20 пайызға дейін көтерілді.

Еске сала кетсек, өткен жылы облыс әкімдігінің қаулысымен Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасы «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ МКК болып қайта құрылды. 

Аталған диспансердің төсек қоры 395 орыннан 45-і қысқартылып, қазір 350 төсек-орынды құрап отыр.


Фото: дереккөз
Загрузка...