Түркістанда Сауытбек Абдрахмановтың мерейтойына орай әдеби кеш өтті
PHOTO
09 Қараша 2021, 21:27 129

Түркістанда Сауытбек Абдрахмановтың мерейтойына орай әдеби кеш өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандағы «Farab» кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Сауытбек Абдрахмановтың 70 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Кешті жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізіп, мерейтой иесінің болмысы мен қайраткерлігінен, сондай-ақ шығармашылығынан сыр шертіп отырды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев іс-шараға арнайы қатысып, қаламгерді құттықтады.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Елбасының өңірімізді Түркістан облысы деп атап, оның орталығы ретінде тарихи Түркістанды белгілеуі – Тәуелсіздіктің айқын жемісі деп білемін. Көне шаһарды қайта дамытып, Түркі елдерінің мәдени астанасына айналдыру жайлы жоспары ақиқатқа айналды. Еліміздегі журналистиканың ардагері әрі ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат ретінде Сіздің мерейтойыңыздың осы тарихи кезеңдермен тұспа-тұс келуі – зор қуаныш. Бұл тойдың Түркістан төрінен бастау алуы – заңдылық. Өз ісінің кәсіби маманына айналып, өзіңізден кейінгі буынның қалыптасуына қаламгер, саяси қайраткер ретінде зор еңбек сіңірдіңіз, – деген өңір басшысы жазушы-қайраткерге құрмет көрсетті.

Рухани кеште Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман, Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров құттықтау сөз сөйлеп, Сауытбек Абдрахмановтың журналистика, әдебиет, саясат, руханият салаларына сіңірген еңбегін жоғары бағалады.


Түркістан өңірінің Әсима Айтуарова, Абзал Молдабеков, Айнұр Әбілдаева, Азамат Қалыбаев сынды әншілері әннен шашу шашса, жас ақын Мұқағали Кенжетайұлының мерейтой иесіне арнауын Руслан Ақымбеков орындады.


«Farab» кітапханасындағы кешке еліміздің әр өңірінен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылармен қатар жергілікті әдебиетсүйер қауым да қатысып, рухани ләззат алып қайтты.


 Осы күні Түркістанда «Ramada Plaza» қонақ үйінің де ашылу салтанаты өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер, қоғам қайраткерлері арнайы қатысты.



Фото: дереккөз
Загрузка...