Түркістанда қырғыз суретшілерінің топтық көрмесі өтуде

17 Мамыр 2019, 20:46
4510
Бөлісу:
Түркістанда қырғыз суретшілерінің топтық көрмесі өтуде
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін облыстық Бейнелеу өнері музейінің көрмесіне қырғыз елінен келген 7 кәсіби суретшінің кескіндемелік 103 шығармашылық туындысы мен мүсіндері қойылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатымен Қырғызстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Қырғызстан Суретшілер одағы мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық Суретшілер одағының ұйымы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы және Бейнелеу өнері музейінің ұйымдастыруымен «Әлемге жол ауылдан басталады» атты қырғыз суретшілерінің топтық көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.

Түркістанда қырғыз суретшілерінің топтық көрмесі өтуде

Көрменің мақсаты – елімізде тұратын ұлттармен ғана емес, басқа мемлекеттермен де тығыз байланыс орнатып, олардың өнерін бағалап, құрметтеп, мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайту, оңтүстік жұртшылығын қырғыз суретшілерінің өнерімен таныстыру.

Түркістанда қырғыз суретшілерінің топтық көрмесі өтуде

Кештің ашылуында сөз алған облыстық Бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов қырғыз ағайындардың көрме өткізуге үшінші рет келіп отырғанын айтты.

«Музейіміздің ашылғанына 5 жыл болды, мұнда жылына 50-60 көрме өткіземіз. Бүгін қырғыз бауырларымыздың көрмесіне куә болып отырмыз. Еңбектеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Бұл үлкен еңбектің жемісі. Халық арасында жүріп, үлкен өнер жасауға талпынған замандас суретшілеріміз өз елін, жерін, салт-дәстүрін насихаттайды. Салтымыз да, тіліміз де, мақсатымыз да ұқсас. Содан да болар, көрермендер жақсы қабылдады, біздің де сіздерден үйренеріміз көп. Түркістан облысының халқы сіздерді көргенімізге қуаныштымыз. Елбасының жарлығымен қырғыз суретшісі Сапарбай Османалиев «Құрмет» орденімен марапатталған. Ол Орта Азияда, Қазақстан мен Қырғызстан арасында өте талантты портрет жанрының шебері, екі елдің арасына көпір салып жүрген азамат», - деді Айнабек Оспанов.

Түркістанда қырғыз суретшілерінің топтық көрмесі өтуде

Көрмеге Қырғызстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, өз елінде сый-құрметке ие болған Мәдениет саласында «Мықты қызметкер» атанған суретшілер келді. Атап айтқанда, Сүйтбек Төребеков, Қадірқұл Оразметов, Сапарбай Османалиев, Жолдошбек Қазақбаев, Шекербек Анарбеков, Бообек Арыков, Шыңғыс Орманбеков.

Аталған көрмеге Қырғызстан Республикасы Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі Сүйтбек Төребеков алғаш рет келіп отыр екен.

«Осында сіздердің басқарманың шақыруымен келдік. Біз қазақ суретшілерімен жақсы таныспыз, әсіресе Шымкент қаласынан көптеген атақты суретшілер шыққан. Мен көбіне сюжет жанрында саламын. Осы көрмеге 20 шақты туындымды алып келдім. «Қырғыз мадоннасы», «Ұлы далада», «Оңтүстік жағалау», «Ыстық көл кеші», «Толғаныс» триптих, «Суретші Жақыповтың портреті», «Айтматов» т.б. Негізі осы көрме өз елімізде жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған топтық туындылар болатын. Биыл осы көрмені осында Түркістанға да алып келдік», - деді қырғыз суретшісі Сүйтбек Төребеков.

Түркістанда қырғыз суретшілерінің топтық көрмесі өтуде

Өз кезегінде Айнабек Оспанов қырғыз елінен келген суретшілерінің барлығын ортаға шақырып, арнайы алғыс хаттармен марапаттап шықты. Кеш соңында Саз колледжінің студенттері келген қонақтарға арнап шағын концерт қойды.

Айта кетейік, қырғыз қылқалам шеберлерінің көрмесі бір айға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы