Түркістанда "Отырар таланттары" байқауы өтті

22 Мамыр 2019, 15:39
2552
Бөлісу:
Түркістанда "Отырар таланттары" байқауы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы аясында халық шығармашылығын дамыту, ел ішіндегі дарын иелерін анықтау, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында Отырар ауданында дәстүрлі «Отырар таланттары» өнер байқауы өтті. Бұл туралы ауданның баспасөз қызметі хабарлады.

Он бес жыл бұрын бастау алып, сегізінші рет ұйымдастырылып отырған байқаудың негізін салған  мемлекет және қоғам қайраткері - Қуаныш Айтаханов.

Өнер бәйгесінің мақсаты - қазақ өнерін кеңінен насихаттау және халық шығармашылығын дамыта отырып, ел ішіндегі дарын иелерін анықтау, талантты жастарға қолдау көрсету.

Фестивальге аудандағы 13 ауыл округтерінен өнерпаздар қатысып, 14 жанр бойынша бақ сынады. Алғашқы іріктеу кезеңіне 300-ден астам өнерпаз қатысса, олардың арасынан іріктеліп шыққан 100-ге жуық үміткер ақтық кезеңде өнер көрсетті.

«Бүгіндері алты алаштың алдында есімдері құрметпен аталатын ұлт мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков, мемлекеттік гимн авторларының бірі композитор Шәмші Қалдаяқов, тілші-ғалым Өмірзақ Айтбаев, ақиық ақын Мұхтар Шаханов, айтыстың ақтаңгерлері Тәушен, Әселхан апаларымыз, Бекарыс інілеріміз өскелең ұрпақ үлгі алатын тұлғалар. Осы тұлғалардың бәрінің кіндік қандары қасиетті Отырарда тамған. Бүгінгі байқауда жеңіп шыққан жүйріктердің ішінен алдағы уақытта ұлтымыздың өнері мен мәдениетін алға сүйреп, әлемге танытатын нағыз дарабоздар шығатындығына кәміл сенемін», - деді Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов.

Байқауға ҚР Мәдениет қайраткерлері мен республикалық халықаралық байқаулардың жүлдегерлері қазылар етті. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттарға ие болып, фестиваль соңы республикаға танымал өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.

Өзгелердің жаңалығы