Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан аймақаралық ынтымақтастығының III форумы өтті
26 Қараша 2021, 15:38 75

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан аймақаралық ынтымақтастығының III форумы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан қаласында Премьер-министрі Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Өзбекстанның аймақаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты.

Сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетика салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, туризмдегі және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70%-ға жуығы тиесілі. 2021 жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы $2,9 млрд асты, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 28,5%-ға жоғары. Осы жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіруі мүмкін. Өзара сауда көлемін 2022 жылы $5 млрд дейін және 5 жыл ішінде $10 млрд дейін жеткізу міндеті қойылды. Екі елдің шекарасында «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Премьер-министрі өнеркәсіптік кооперация саласындағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының жоғары серпінін атап өтті. «Hyundai Auto Asia» бірлескен кәсіпорны тиімді жұмыс істеп тұр. «Астана-Моторс» компаниясы Джизак қаласында Hyundai автомобильдерін шығаратын зауыт салу мәселесін пысықтауда. Қостанай қаласында «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС «UZAuto Motors» АҚ-мен бірлесіп Chevrolet автомобильдерінің, «MAN Auto – Uzbekistan» АҚ-мен MAN жүк автомобильдерінің өндірісін жолға қойды. Биылғы жылдың қараша айында Қостанай қаласында «АгромашХолдингKZ» АҚ локализациялау орталығында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша «Nurafshon» бірлескен кәсіпорны құрылды.

Жеңіл өнеркәсіптегі кооперацияның сәтті мысалы «Alliance» бірлескен кәсіпорнында және «Turkestan Textile» тігін фабрикасында тоқыма өндірісін іске қосу болды.

Машина жасау, құрылыс индустриясы және фармацевтика өнеркәсібі салаларындағы жаңа бірлескен жобалар үшін басқа да әлеуетті өсу нүктелері бар, - деді Асқар Мамин.

Үкіметінің басшысы Қазақстанның Өзбекстанмен транзиттік-көлік саласындағы өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті — темір жол инфрақұрылымын дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша бірлескен ірі жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде, жүк тасымалдау үшін қолайлы тарифтік саясат қалыптастырылды. Осы жылдың 10 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы темір жол тасымалының көлемі 20,5 млн тоннаны құрады.

Қазақстан Премьер-министрі екі елдің қоршаған ортаны қорғау, су және орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. Бірлескен күш-жігермен вегетациялық кезеңде Тоқтағұл және Қайрақұм су қоймаларынан қосымша су ағызу қамтамасыз етілді, бұл ҚР және ӨР ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етті. Арал теңізінің өзекті экологиялық проблемаларын шешу, бүкіл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бойынша бірлескен жобалар іске асырылуда.

Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл көшеттерін отырғызу бойынша күш-жігерімізді біріктіруді ұсынамыз, - деді Асқар Мамин.

Мамин мен Арипов екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысын өткізді және «Трансшекаралық ынтымақтастық өсудің жаңа нүктесі ретінде» тақырыбында ҚР мен ӨР өңіраралық ынтымақтастығының III Форумына қатысты, оған 200-ден астам адам – мемлекеттік органдардың, өңірлердің басшылары, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты. ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ӨР инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Қарақалпақстан министрлер кеңесінің төрағасы Кахраман Сариев, Жизақ облысының хокимі Эргаш Салиев, Ташкент облысының хокимі Зоир Мирзаев және т. б. баяндама жасады.

Форум аясында машина жасау, АӨК, құрылыс материалдарын, электр техникалық өнімдерін, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру, инфрақұрылымды дамыту және басқа салаларда жалпы сомасы $611,3 млн құрайтын 54 инвестициялық және коммерциялық келісімшартқа қол қойылды.

Түркістан қаласына сапары барысында екі елдің Үкімет басшылары Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылу рәсіміне қатысты, Қ. А. Яссауи кесенесіне, «Ұлы Дала Елі» орталығына, «Керуен-Сарай» туристік кешеніне және басқа да нысандарға барды.


Фото: дереккөз
Загрузка...