Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс өтіп жатыр

3 Сәуір 2019, 12:02
3207
Бөлісу:
Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XVIII халықаралық турнир өтіп жатыр. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бекзаттың ата-анасы дара перзент туралы естелік айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс өтіп жатыр

Сонымен бірге, Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев және әлем чемпионы Біржан Жақыпов бастаған азаматтар да жас спортшыларға сәттілік тіледі. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев Бекзат батыр мәңгі ел есінде сақталатынын айтып, оған деген құрмет әрдайым жоғары болатынын жеткізді.

Сонымен, Түркістан төріндегі додаға Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттері мен Қазақстанның 14 облысы және 3 қаласынан командалар келді. Оларға 11 салмақ дәрежесінде жүлделер тапсырылады.

Бұл жарыста бокстан 2001-2002 жылдары туылған жастар сайысқа түсіп жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Спорт шебері» атағы беріледі.

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс өтіп жатыр

Қазіргі таңда Түркістан облысының боксшылары Қазақстанда үздіктер қатарында тұр. Ел біріншілігінде осы өңірдің жігіттері жалпыкомандалық есепте топ жарды. Басты меже – Токио Олимпиадасынан жүлде алу.


Өзгелердің жаңалығы