Түркістанда айыппұлы 1,1 млн теңгеден асқан 16 көлік иесі анықталды
11 Мамыр, 13:09 311

Түркістанда айыппұлы 1,1 млн теңгеден асқан 16 көлік иесі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда айыппұлы 1,1 млн теңгеден асқан 16 көлік иесі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтайтын жаңа «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылды. Естеріңізге сала кетсек, бұл қосымша патрульдік полицейге жақын маңда жол ережесін бұзған немесе көлігіне жалған нөмір орнатқан заң бұзушыларды көрсетіп отырады. Сондай-ақ, айыппұлы төленбеген, сақтандыру, техникалық байқаудан өтпеген немесе іздеуде жүрген автокөлік жүргізушісі жайлы хабардар етеді. Осылайша жол қозғалысын қадағалау кезінде полицияға құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Аталған жаңа бағдарлама іске қосылғалы Түркістан облысының орталығында бір апта ішінде жол ережесін бұзған 60-қа жуық автокөлік анықталып, айыптұраққа жеткізілген. Олардың ішінде түрлі жол ережесін бұзған – 27, мiндеттi сақтандырудан өтпеген – 6, мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген сегіз автокөлік анықталып отыр.

Одан бөлек айыппұлы төленбеген 16 автокөлік анықталып, олардың айыппұлы 1,1 миллион теңгеден асып кеткені белгілі болды. Ал көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi бар көлiк құралын басқару бойынша бір жайт анықталып, жүргізушіге тиісті шара көрілген. 

Нақтырақ айтсақ, патрульдеуге шыққан Түркістан қаласы полицейлерінің планшетіне Төлеби көшесі бойында көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып алған Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргені туралы ақпарат түседі. Осы бойынша бірден іске кіріскен полицейлер көлігіне жалған нөмiр қойып алған жүргізушінің соңынан жетіп, оны жауапқа тартты. 

Анықталғандай, орта жас шамасындағы жергілікті тұрғын өзінің УАЗ-315195 көлігіне тиесілі нөмірді Toyota Land Cruiser көлігіне орнатып алған. 

Аталған жүргізушіге ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды.

Жыл сайын республика жолдарында екі мыңнан астам адамның жол-көлік оқиғалары салдарынан көз жұматыны анықталған. Осы орайда жол-көлік оқиғалары мен бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың санын азайту мақсатында аталмыш жаңа «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылған.


Фото: дереккөз
Загрузка...