Түркістанда 28 соғыс ардагеріне арналған билбордтар жасалды

7 Мамыр 2021, 14:54
2386
Бөлісу:
Түркістанда 28 соғыс ардагеріне арналған билбордтар жасалды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірінде небары көзі тірі 28 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Уақыт өткен сайын қатары сиреп жатқан ардақты майдангерлерге қандай сый-сыяпат жасап, марапатқа бөлесе де лайықты. Облыста оларға арнап билбордтар жасалып, ілінді.

Қазірге кезде Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалары жөніндегі басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, облыста бойынша 28 ҰОС ардагері мен оған қатысушылар мен мүгедектігіне теңестірілген 214 адам бар. Аталған басқарма басшысының орынбасары Мадина Есімованың айтуынша, өңірде жалпы 6808 ардагерге Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне орай аудандық, қалалық бюджет есебінен 233,2 миллион теңге қаржы бөлінген.

Аталған төлемдер 4 мамырға дейін толық беріліп болды. Жылдағыдай 28 ардагерге, соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге бір миллион теңгеден берілді. 6722 тыл еңбеккері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне – 30 мың теңгеден, соғыста қайтыс болғандардың жесірлеріне 60 мың теңгеден төленді, - деді басқарма басшысының орынбасары Мадина Есімова.

Отан қорғау жолында қаншама боздақтар ерлікпен қаза тауып, жастайынан қыршын кетті. Аман қалса да тағдыр теперішін көрген жауынгерлер аз болмады. Айталық, Түркістан өңірінде 6566 тыл еңбеккері есепке алынған.

Пандемияға байланысты 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесі өткен жылы да кеңінен аталып өтілмей қалған болатын. Биыл да мерекелік іс-шаралар онлайн түрде өткізілмек. Атап айтқанда, 7-9 мамыр күндері облыс орталығы Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, ардагерлер ұйымдары белсенділерінің, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштері өкілдерінің қатысуымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына арналған салтанатты жиналыстарды, мерейтойлық концерттерді жұртшылық әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып тамашалайды, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы онлайн тәсілде де өткізіліп, көрсетіледі.

Осыған орай, аймақтағы барлық аудандар мен қалаларда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен бірлесіп соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып құттықтау шаралары жүргізіледі. Өз кезегінде, ардагерлерге құнды сыйлықтар телевизор, тоңазытқыш, гүл шоқтары ұсынылады, облыс әкімінің атынан құттықтаулар ұйымдастырылады. Бұған қоса, келер ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, патриотизмге баулу мақсатында, батырлық пен ерліктің үлгісі ретінде барлық аудандардың орталығында және қалаларда облыста тұратын 28 соғыс ардагерінің суреттерінен билбордтар жасақталынып ілінуде.

Облыстағы барлық Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне баспана берілген. Сонымен қатар, арнайы жасақталған карта бойынша 28 ардагерге медициналық қызметті үйлеріне барып көрсетеді және де барлығы диспансерлік тексеруден өткізіліп тұрады. Жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында жекелеген санаттағы 7,8 мың азамат демалып, емделеді. Мәселен, Ардагерлер үйінде – 4000, «Мейір» ардагерлер үйінде – 3800 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер, зейнеткерлер ем алады. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге басымдық беріліп, бірінші кезекте аталған демалыс орындарына жолдама береміз, - деді Мадина Есімова.

Бүгінгі таңда әлеуметтік қашықтықтың сақталуына байланысты 7800 орынға ардагерлердің 50% жайғастырылды, яғни 3900 зейнеткер денсаулығын түзетуге мүмкіндік алған.

Жыл сайын облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерінің техникалық жағдайына мониторинг жүргізіліп, тиісінше жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Себебі, патриотизм барлық кезде жалаң насихатталмайды. Ұрпақтың жадына өшпес мұра қалдыру үшін көрнекі құралдар қолданылады. Осы ретте облыс бойынша 315 ескерткіш, 78 мемориал мен монументтік кешен бар. Қазір олардың 54-іне ретке келтіру, 23-іне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, 9 мамырда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің ескерткіштері мен құлпытастарына, бауырластар зираттарына әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, гүлшоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылады.

  

Өзгелердің жаңалығы