Бас жаңалықтар
Түркістан: Түлкібаста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 15 көше жөнделеді
16 Наурыз 2021, 03:24 616

Түркістан: Түлкібаста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 15 көше жөнделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Түркістан облысы Түлкібас ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 12,7 шақырым болатын 15 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бұл мәселені аудан әкімі Нұрлан Байғұттың өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде халыққа есеп беру жиынына қатысқан тұрғындар көтерген болатын. Нәтижесінде көптен бері жөнделмеген Көкжайлау және Жанкент мөлтек аудандарының көшелері жаңаратын болды.

Сондай-ақ аудан орталығындағы көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Алатау (Подгорная) көшесі де жыл соңына дейін толықтай орташа жөндеуден өтпек. Осыған байланысты аудан басшысы бірқатар көшелерді жаяу аралап, жөндеу жұмысы басталғанға дейін ретке келтірілуі тиіс шараларды айтып, жауаптыларға алдын ала ескерту жасады.

Одан бөлек, аудан әкімі Пушкин-Бағыспаев көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен де кездесті. Онда тұрғын үйлерді салу барысында мердігер компаниялар аздаған кемшіліктерге жол бергені сөз болды. Осы мәселені тұрғындармен ақылдаса отырып, шешу керектігін тиісті бөлім басшыларына тапсырды.

Сонымен қатар, әкім көктем мезгілінің келіп қалғанын, сондықтан аулалардағы арық-атыздарды қоқыстан тазалау жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...