Түркістан облысындағы қоғамдық көлік жүргізушілеріне 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

19 Сәуір 2021, 20:41
1184
Бөлісу:
Түркістан облысындағы қоғамдық көлік жүргізушілеріне 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қоғамдық көліктерге қатысты бірнеше талаптар енгізген болатын.


Жүргізуші көлік құралын басқарарда қолғаптарды, медициналық маскаларды уақтылы (әрбір 2 сағат сайын) ауыстырып отыруы қажет. Қызмет көрсету уақыты аяқталғаннан кейін салон желдетіліп, терезелер, есік тұтқалары, таяныштар, отырғыштар дезинфекциялық сулықтарымен сүртілуі керек. Сондай-ақ, жолаушыларды қоғамдық көлікке отыруға арналған орын санынан аспайтын мөлшерде мінгізіп, мүмкіндігінше қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қамтамасыз етілуі қажет. Жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі сынды белгілері бар персонал жұмысқа жіберілмейді. Ал жолаушылар салонға медициналық маскамен кіріп, арасында кемінде 1 метр қашықтық сақталуы тиіс.

Өткен жылы қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы автобус және микроавтобустардың қатынасын тоқтату туралы талаптарды орындамаған, бетперделік режимді, әлеуметтік ара қашықтықты, антисептикпен қамтамасыз ету жұмыстарын сақтамаған 64 жағдай анықталды, - делінген ақпаратта.
Қаулы талаптарын орындамағандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, 2 млн 944 мың тг айыппұл салынған. 

Мониторингтік топ 2021 жылдың басынан бері бетперделік режиммен ара қашықтық сақтамаған 4 жағдайды анықтады.



Өзгелердің жаңалығы