Бас жаңалықтар
Түркістан облысында үш Ситуациялық орталық ашылды
05 Сәуiр 2019, 13:11 1288

Түркістан облысында үш Ситуациялық орталық ашылды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осымен Түркістан облысында үш Ситуациялық орталық ашылды. Мұның алдын Түркістан қаласы мен Шардара ауданында ашылған еді. Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бұйрығымен емханалық стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында «Ситуациялық орталық» іске қосылды. Бұл пациенттерге де, дәрігерлерге ыңғайлы құрал.

Бұл орталық Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының базасында жұмыс істейді және аймақтың денсаулық сақтау жүйесін бақылау мен басқарудың тиімді құралы. Яғни әрбір аудан және медициналық ұйымдар бойынша шұғыл әрекет ету шараларын қолдану арқылы онлайн талдау жүргізіледі. Мысалы, алыс қашықтықтағы аудандарда пациенттер инфаркт, инсульт алған жағдайда немесе онкологиялық ауруға шалдыққан кезде науқастарды дер кезінде облыс дәрежесіндегі дәрігерлер бақылап отырады.
  
Былайша айтқанда, ауданда ауырған жағдайда облыс дәрежесіндегі дәрігерлер көмек көрсету керек болса, ақпараттық жүйеге қарайды. Жүйеде пациент туралы деректер автоматты түрде қызыл түспен шығып тұрады. Бұл пациенттің ауыр халде екендігін білдіреді. Дәрігерлер соны дер кезінде бақылап, науқасқа көмек көрсетілуін, сол мекеме ұйымдары басшыларының науқасқа әрекет етуіне бақылау жасау мақсатында ашылған орталық.

Ал орталықтың пациенттерге беретін пайдасы – бұрынғыдай кезекте тұрмайды, дәрігер тағайындаған түсініксіз жазулар болмайды, барлығы электронды компьютерлік жүйеге көшіріледі. Сондай-ақ, науқастардың ауру тарихы «DamuMed» арнайы мобильді қосымшасына түсіп тұрады. Онда науқастар дәрігердің қандай диагноз қойғанын және барлық зерттеулерді көріп отыра алады.

Ситуациялық орталығының ақпараттандыру маманы Ақан Абдурашидтің айтуынша, орталық үш бағытта кардиология/инсульт, онкология, травматология ауруларына басымдық береді және бір кардиолог, 1 онколог, 1 травматолог бар.

«Бұған дейін дәрігерлер диагноздың барлығын қағазға жазатын болса, қазір ақпараттық түрде беріледі. Түркістан облыстық клиникасы баяғыдай қағаз жүйесінен электрондық жүйеге ауысты. Пациент қабылдау бөліміне келеді, ол туралы барлық мәлімет электрондық жүйеде сақталады. Осы ақпараттық базадағы мәліметтерді кез келген қаланың, атап айтқанда Астана, Алматы, Орал, Атырау т.б. барлық қалалардың дәрігерлері де көре алады. Яғни қағазсыз жүйеге толық түрде өттік. Бұл мәліметтерді «дәрігерлер құпиясы» дейді, сондықтан мұндағы ақпаратты ақ халаттылардың өздерінен басқа, ешкім кіріп көре алмайды», - деді ақпараттандыру маманы Ақан Абдурашид.

Орталықтың ашылу кезінде өткен семинарға Нұр-Сұлтан қаласының және Түркістан облысы бойынша аймақтық менеджер Исахан Нұрсұлтан қатысты.

Бүгінге дейін 18 медициналық ұйымның 40 қызметкері оқытылды. Облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, сондай-ақ БМСК және стационар қызметтерінің дамуына мониторинг жүргізілді. Орталықта бес қызметкер жұмыс істейді, олар облыстың әрбір медициналық мекемесінің ақпаратын бақылап, өңдейді. Орталық басшысы «Облыстық клиникалық аурухана» бас дәрігері, Түркістан облысы бойынша ахуалдық орталықтың үйлестірушісі, м.ғ.к. Марат Пашимов.

«Дамумед» орталығының ұйытқы болуымен барлық деңгейдегі денсаулық сақтау менеджерлері жедел, барабар және тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін жоғары технологиялық құралдармен қамтылған. Олар нақты медұйымның және жалпы аймақтың денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына онлайн мониторинг жүргізеді, деректердің алғашқы көзіне дейін пайдалана алады.
      


Фото: автордан
Загрузка...