Түркістан облысында ветеринариялық препарат пен вакцина шығаратын зауыт салынады

18 Қазан 2020, 02:46
1383
Бөлісу:
Түркістан облысында ветеринариялық препарат пен вакцина шығаратын зауыт салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жобаның жалпы құны 60 млн АҚШ долларын құрайды. Түркия Республикасында Түркістан облысында ветеринариялық препараттар мен вакциналар шығаратын зауыт салу туралы құжатқа қол қойылды, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында Адыяман қаласындағы «Vеtal Animal Health Products LTD» компаниясының өндірістік нысандарын аралады. Сапархан Омаров зауытта ветеринариялық вакциналар, сарысулар және басқа да биопрепараттар өндіру барысымен танысты.

Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісі Абзал Сапарбекұлы және Адыяман провинциясының губернаторы Махмұт Чухадардың қатысуымен қазақстандық «Vetal Kazakhstan» ЖШС және «Vetal Animal Health Products LTD» компаниясы арасында Түркістан облысында 2021 жылы өндіріс құру туралы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша Меморандумға қол қойылды, - делінген хабарламада.
«Vetal Animal Health Products LTD» компаниясы 1991 жылы құрылған. Ұлыбританияның Pilbright, World Reference Institute және Panvac Reference Institute сияқты зертханалары сертификаттаған 45 түрлі вакцина шығарады. Аталмыш компания ветеринариялық вакциналар, сарысулар және түрлі биопрепараттарды өндіретін жалпы ауданы 28 мың ш.м. құрайтын заманауи зауытқа ие. Компания өнімдері Түркия, Иран, БАӘ, Ирак, Пәкістан, Әзербайжан, Украина, Грузия, Франция және т.б. елдерінде қолданылады.

Қазақстанда жүзеге асырылатын жобаның жалпы құны 60 млн АҚШ долларын құрайды. Бірінші кезеңде 7 млн АҚШ долларына ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын емдеу және алдын алу үшін ветеринариялық препараттар мен вакциналар шығаратын зауыт салу жоспарланған. Жаңа кәсіпорында 75 жұмыс орны құрылады деп болжануда. Болашақта зауыттың өндірістік қуатын және жұмыс орындарының санын 300-ге дейін ұлғайту көзделген.

Өзгелердің жаңалығы