Бас жаңалықтар
Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан 47 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған
13 Наурыз 2021, 04:50 293

Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан 47 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстары барысында Түркістан облысы бойынша былтыр 659 жер иелерінің 86 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері пайдаланылмай жатқандығы анықталған, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның 8,2 мың гектары – егістік, 4,7 мың гектары – суармалы, 77,8 мың гектары – жайылымдық жерге тиесілі. Бұл туралы Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Пайдаланылмай жатқан 203 жер иесі 47,1 мың га жерді өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарса, 82 жер иесі 8,6 мың га жерді қайта игеруге кіріскен. Сондай-ақ, 374 жер иесінің 30,3 мың га жерін аудан, қала әкімдіктері тарапынан мемлекет меншігіне қайтару шаралары жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылға арналған жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритмі әзірленді. Алгоритм бойынша бірінші кезекте жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекендер маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталды. Биыл 129,6 мың га жайылымдық жерлерді халықтың мұқтажына алу жоспарлануда. Жылдың соңына дейін жайылым жердің көлемі 741,8 мың гектарға арттыру жоспарлануда, – деді Самат Маратұлы.

Сонымен қатар, былтыр жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алуға 119 044 азамат кезекке тіркелген. Негізінен, кезекте тұрған азаматтардың басым бөлігі Түркістан қаласы, Сайрам, Сарыағаш және Келес аудандарының тұрғындары. 2020 жылдың қорытындысымен жалпы 301 жер телімі кезекте тұрған азаматқа берілген.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...