Түркістан облысында бақша дақылдары көбірек өсірілмек

4 Сәуір 2019, 20:47
6664
Бөлісу:
Түркістан облысында бақша дақылдары көбірек өсірілмек
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысында биылғы көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда екі апта ерте басталып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы Орталық коммуникациялар қызметінің арнайы көшпелі баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Жиын барысында ңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылға қарағанда 10 мың гектарға арттырылып, ол жерге ерте пісетін көкөніс дақылы егілетіні, сәуір айының соңына қарай еліміздің өзге қалаларына жеткізілетіні айтылды.

Төрткөл ауыл округіндегі тікелей егістік басында өткен көшпелі жиынға ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бастығы Саят Әетов және облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов қатысып, баяндамасыз бірден еліміздегі 2019 жылдың егіс науқанының барысы туралы БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берумен бастады.

«Осы жылғы 1 қаңтардан бастап егістік үшін тұқым беруде субсидиялаудың жаңа механизмі іске асырылуда. Шаруалар белгілі бір бағада жоғары және бірінші сұрыпты тұқымды әкімдік арқылы алады. Бұл орайда әкімдік нормаға сүйеніп, дәнді ұрықтың бағасына қаулы шығарып бекіту керек. Бүгінде 2,5 млн тонна ұрық себілді. Шаруалар дәнді дақылдардың тұқымымен қамтылуда мәселе болған жоқ», - дейді сала мамандары.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасының паркінде ескірген техникаларды алмастырып, жаңарту үшін шаруаларды қолдау мақсатында екі бағдарлама жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

«Расында қазір біздің ауыл шаруашылығындағы техникалардың паркі 75%-ға тозған. Оны сөзсіз жаңарту керек, техника жаңа болса, дақылды дер кезінде себуге, жинауға болады. Техника мәселесі өте күрделі. Бүгінде осы шаруаларды қолдау мақсатында 2 бағдарлама бар. Біріншісі, техниканы сатып алған кезде 25%-ы инвестициялық субсидияға төленеді. Жергілікті атқарушы органдар 25%-дың үстіне 10% қосып, түпкілікті субсидияның пайызын 35%-ға дейін жеткізе алады. Екінші бағдарлама, биылдан бастап сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қайтарылды. Яғни несие бойынша сатып алынған техника бағасының 10%-ы қайтарылады. Осы екі бағытта қолдау көрсетіліп жатыр», - деді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов.

Айта кету керек, Түркістан облысында 55 мың ұсақ шаруашылықты біріктірген 627 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Тұқым өндірумен 13 шаруашылық айналысады. Осыған орай, аймақта ұсақ шаруашылықтарды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының қалай жүргізіліп жатқаны да қозғалды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2001 кредиттік серіктестіктер желілерін ұйымдастыру үшін құрылды. Бүгінде республика бойынша 200-ден астам кредиттік серіктестік 20 мыңдай ауыл шаруашылығын өндірушілерді біріктіріп отыр. Олар ұсақ шаруашылықтарға несие алуды егжей-тегжей түсіндіреді. Мысалы, 2018 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» кредиттік серіктестіктердің қатысуымен 750 млрд теңгеден астам несие алынды. Түркістан облысында да осындай шаруа қожалықтары техникаларын жаңартуға, т.б. мақсаттарға несие алу үшін кредиттік серіктестіктің құрамына кіруі немесе бірігуі керек», - деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бастығы Саят Әетов.

Жыл сайын көктемде егін жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан несие ресурстары бөлінетіні белгілі. Биыл «Кең дала» бағдарламасына мемлекеттен 60 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаның басты операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Қарыз алушылар үшін үшін сыйақы мөлшерлемесі 7%-дан аспайды. Бөлінген 60 млрд теңгенің республика бойынша 59,7 млрд теңгесіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер несие алуға ниетін білдірген.

«Бүгінге дейін 48 млрд теңгеге несие құжаттары келіп түсті, олардың барлығы қаралу үстінде. 48 млрд теңгенің 30,4 млрд теңгесін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізіп үлгердік. 16 млрд теңгеге несие ресурстарын беруге өтініштер мақұлданды. 1,6 млрд теңге қаралу үстінде және де 11 млрд теңгеге ауылшарушалық тауар өндірушілері әлі де құжатарын жинақтап жатыр. Ал, Түркістан облысы бойынша бүгінде несие алам деп өтініш білдірген тауар өндірушілер саны 4,1 млрд, оның ішінде құжаттарын әкеп тапсырған сома 3,7 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 2,5 млрд теңге толығымен диқандарға жеткізілді. Ал 1,6 млрд теңге толығымен мақұлданып, диқандар жақын арада несие алатын болады. Бұл қаражат жыл сайын өте қысқа мерзімде игеріледі. Себебі, оңтүстікке көктем ерте келеді», - деді Ақпар Мәуленов.

Егістікті әртараптандыруға сәйкес биыл мал азық дақылдарының көлемі 18 мың гектарға артып, жалпы 207 мың гектарға, сұранысқа ие табысы мол көкөніс, картоп, бақша дақылдарының көлемі 10 мың гектарға арттырылып, 124 мың гектарға егілетін болды. Ал мақта дақылдарының егіс көлемі биыл 11 мың гектарға қысқарып, 121 мың гектарға, бидай дақылы 15 мың гектарға қысқарып, жалпы 175 мың гектарға егу жоспарланып отыр.

Жалпы биылға жоспарланған жаздық дақылдардың 35%-ы егілді, оның ішінде жоңышқа дақылы 86%-ға, бидай, арпа 75%-ға және көкөніс, картоп бақша дақылдары 50%-дан астам жерге егілді.

Айта кетейік, егістік жұмыстарына Үкіметтен 38 мың тонна жанар-жағармай бөлініпті. Тауар өндірушілерге жеткізіп беру құнын қосқанда 167 теңгеден босатылады. Бұл нарықтағы бағадан 24 теңгеге арзан. Сонымен қатар, 96 мың тонна минералды тыңайтқышты субсидиялауға 4,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда облысқа 35 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, оның 5500 тоннасы агроқұрылымдарға босатылған.

Байқағанымыздай, биыл егістікке көкөніс дақылдарына көбірек көңіл бөлінген. Мамандар он мың гектар жерге ерте пісетін көкөніс дақылы егіліп, сәуір айының соңына қарай еліміздің өзге қалаларына жеткізілетін айтты.

«Ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 823 мың гектарға арттырылып, оның ішінде бақша дақылдарының егіс көлемі 62 мың гектарға орналастырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға артық егіледі деп отырмыз. Былтыр 2 млн тоннадан астам өнім алып рекорд орнаттық. Биыл да осы межені сақтаймыз деген жоспар бар. Бақша дақылдарына мемлекеттік қолдауға тоқталсақ, тыңайтқыш пен гербицидтер, тұқым көлеміне 50% жеңілдік ала алады. Өздеріңіз білесіздер, бұрынғыдай гектарға төленетін субсидия 2018 жылдан бастап тоқтатылды. Оның орнына шаруалардың жоғары технологияларды пайдаланғаны үшін шыққан инвестициялық шығындары, яғни қосымша техника мен тамшылатып суғару жүйесін орнатқан жағдайда 25-тен 50%-ға дейін шығыны өтеледі», - деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Сондай-ақ, ол 2 мың гектарға жуық кленка астында егілген бақша өнімдері мамыр айынан бастап экспортқа жөнелтілетінін айтты. Қазірдің өзінде өсімдік шаруашылығына 129 субъекті тіркеліп отыр. Осы экспортшылар арқылы өнімді 2,5 есеге арттыру көзделіп отыр.

Қорыта айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 18 мың трактор, 2900 культиватор, 1800 тұқым сепкіш, 12 900 соқа дайындалды.

Өзгелердің жаңалығы