Бас жаңалықтар
Түркістан облысында 173 132 зейнеткер бар
29 Қазан 2020, 11:20 133

Түркістан облысында 173 132 зейнеткер бар

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облыстық Статистика департаментінің мәліметінше, осы жылдың 1 қыркүйегінде күнгейдегі халық саны 2 036 029 адамға жеткен. Екі миллионнан асатын халықтың қанша пайызы зейнеткер, қанша пайызы мүмкіндігі шектеулі азамат? Оларға мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер жасалып жатыр? 

Өздеріңіз білесіздер, аталған оңтүстік өңірі адам саны жағынан да, бала туу көрсеткіші жағынан да алда келе жатқан аймақтың бірі. Айталық, Кентау қаласында тұрғындар саны 206 625 болса, Сарыағаш ауданында 190 469, Жетісай ауданында – 173 499, Түркістан қаласында 171 438 халық саны бар. 

Бүгінде Түркістан облысында 173 132 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 20-сы Ұлы Отан соғысының ардагері, 7 396-сы – тыл еңбеккері. 

Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар санына келетін болсақ, облыс көлемінде 94998 азамат бар екен. Оның ішінде 1,2 топ мүгедектері – 43 736, 3 топ мүгедектері – 37 473 құрайды. Ұлы Отан соғысының мүгедектері – 12, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 13 013, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар – 1068, республикаға сіңірген еңбегі үшін зейнетақы алатын 2 адам бар екен. 

Аймақта аға ұрпақ өкілдеріне әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады.  Атап айтсақ, ардагерлерді сауықтыру, тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер мен жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер беру мәселелері тиісті деңгейде ашылған. Мәселен, жекелеген санаттағы 7800 азамат «Ардагерлер үйі», «Мейір» ардагерлер үйінде демалуға мүмкіндік алған. 1010 ардагер басылымға тегін жаздырылды. Сексен жастан асқан жалғызілікті 437 қарияның зейнетақысына ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек беріліп келеді, - деді Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева. 

Облыста көпбалалы аналардың санын қосқанда – 151 357 адамды құрайды. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар аналар саны – 89 925, батыр аналардың саны – 2924, «Алтын алқа» орденімен марапатталған көпбалалы аналардың саны – 15 020, «Күміс алқа» иегерлері – 38 630, І-ІІ дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған аналар саны – 4858 құрайды. Ең көп «Алтын алқа» иелері Жетісай ауданынан шыққан, саны – 1846. Екінші 1701 көрсеткішпен Қазығұрт ауданы, үшінші 1505 анамен Сарыағаш ауданы алғашқы көшті бастап келеді. 

«Күміс алқадан» да Жетісай ауданы 5448 көрсеткішпен алдыңғы орында келеді. Екінші Сарыағаш ауданы 3513, үшінші Келес ауданы 3420 ана саны тіркелген. 

Жалпы, Түркістанда зейнетақы мен әлеуметтік төлем алушылардың саны – 281 873 адамды құрайды. 



Фото: дереккөз
Загрузка...