Түркістан облысында жыл соңына дейін 11 тұрғын үй беріледі

23 Қазан 2019, 13:36
4639
Бөлісу:
Түркістан облысында жыл соңына дейін 11 тұрғын үй беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс орталығында тұрғын үй құрылысы жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.  

"Әкімшілік орталықта жалпы 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 660 пәтерлік 11 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Түркістан әлеуметтік корпорациясы арқылы алты көпқабатты түрғын үй коммерциялық пайдалануға беріледі. Жеті қабатты 24 үй әкімшілік төңірегінде жаңадан салынып жатыр", - деді Шөкеев.
Облыс әкімі ҚР президентінің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында қала айналасында "жасыл белдеу" қалыптастыру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
"2019 жылдың көктемінде 160 мың көшет отырғызылса, күзде 2000 гектар жерге 478 мың көшет және 300 гектар тәлімбаққа 400 мыңға жуық көшет отырғызылып жатыр. Қаланы көгалдандыру мақсатында қала 32 секторға бөлініп, әр секторға жауапты аудан абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Түркістан қаласында 268 су ұңғымасын жасау жоспарланса, оның 57-сі іске қосылды. 2024 жылға дейінгі Түркістан облысының кешенді жоспарына сәйкес 11 мың га жерге азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр", - деді ол.
Айта кетейік, Өмірзақ Шөкеев бұған дейін Түркістанда 26 нысанның құрылысы жүріп жатқанын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы