Бас жаңалықтар
Түрікменстаннан 256 қандасымыз көшіп келді
17 Мамыр 2021, 16:57 351

Түрікменстаннан 256 қандасымыз көшіп келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы 13 мамыр күні Түрікменстан Республикасынан 256 қандасымыз «Түрікмендемиреллары» мемлекеттік агенттігі арқылы «Түрікменбашы – Болашақ – Жаңаөзен» бағыты бойынша еліміздің Жаңаөзен қаласына жеткізілді. 

Қандастарымыз отырған арнайы пойызда 8 жолаушылар, 2 жүк вагоны және 1 дизель локомотиві бар. Пойыз 12 мамыр күні сағат 17:20-да «Түрікменбашы» станциясынан жолға шығып, «Болашақ» станциясы арқылы «Жаңаөзен» қаласының станциясына 19:00-де келіп жетті.

Қандастырымызды қарсы алу жұмыстарын ұйымдастыруға ҚР Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік Шекара қызметі, Маңғыстау облысы әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Отандастар қоры» КЕАҚ пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілдері атсалысты.

Елге келген қандастардың визалық құжаттары толық дайын, жұқпалы індетке қатысты ПТР тест анықтамалары берілген. 

«Елге ел қосылса - құт» дегендей түрікмен жерінен келген көштің екінші керуені атажұртқа ат басын бұрды. Осыған дейін ақпан айының соңына қарай Түрікменстаннан 153 қандасымыз көшіп келген еді. Бір қуанарлығы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты сырттағы қандастардың елге келуі қайта жандана бастады. Ұрпағының келешегін, атажұртының болашақ дамуын ойлаған қандастарымыз елге құр қол келген жоқ. Өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп, қосымша мамандық игеретін болады.


Фото: дереккөз
Загрузка...