Нұр-Сұлтанда 10 жылда туристер мен қонақүйлер саны екі есе өсті

19 Қыркүйек 2019, 11:44
4513
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда 10 жылда туристер мен қонақүйлер саны екі есе өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қалада белгілі бір шараға байланысты туристерді тарту қолға алынғанын айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға барған сапарында экономиканың маңызды саласы ретінде туризмге аса мән беру қажеттілігін атап өтті. Елордамыз шетелдік туристер табаны тиетін алғашқы жер туризм саласы қарқынды дамып жатыр. Қаламыз өңірде және ел ішінде туристерді  барынша  тарту жұмыстарымен айналысады. 10 жыл ішінде  туристер мен қонақ үйлердің саны екі есеге өсті. Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа терминалдың ашылуы жолаушылар ағынын  3,5 есеге арттырды», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысушыларды PATA Travel Mart 2019 көрмесінің ашылуында.

Сонымен қатар, қала әкімі әуежайдың мүмкіндігі туралы айтты.

«Біздің әуежай жылына 8 млн жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы Mastercard компаниясының 200 жаһандық туристік дестинациясының құрамына енді. Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Куала-Лумпур сынды ірі қалалардың халықаралық тәжірибесі игеріліп, «Nur-Sultan-NS» бренді жасақталды. Президенттің тапсырмасымен биыл елордада Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылады. Біз саланы дамытудың үш негізгі бағытын анықтадық. Бірінші – оқиғалық туризмді дамыту. Мәселен, қалада Әлем чемпионаттары өтеді. Осы күндері Күрестен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Сондай-ақ, Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өткен болатын. Маусым айында Орталық Азияда тұңғыш рет Comic Con фестивалі өтті. Шараға 53 мың адам қатысты. Шілде айында дәстүрлі әрі ауқымды Ironman шарасы өтті», - деді әкім. 

Сондай-ақ, елорда басшысы екінші бағыт ретінде медициналық туризмді атады. 

«Халықаралы сарапшылардың зерттеуі бойынша, Нұр-Сұлтанда медициналық туризмді дамытудың  әлеуеті жоғары екенін көрсетті. JSI-ға аккредиттелген 7 ұйымның алтауы елордада орналасқан. Үшіншіден, Нұр-Сұлтан - Еуразиядағы үздік  конгрестік көрме орталығы. Біз - Еуразиядағы халықаралық конференциялар мен қауымдастықтардың ең ірі мүшесіміз. Халықаралық дәрежедегі шара тек қана шетелдік келушілер санын ұлғайтып қана қоймай, қалалық экономиканың дамуына үлес қосады», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада РАТА Travel Mart 2019 көрмесі өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы