Түрік компанияларымен ынтымақтастық жалғаса береді - Тоқаев

4 Наурыз 2021, 20:30
1439
Бөлісу:
Түрік компанияларымен ынтымақтастық жалғаса береді - Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Видео конференция форматында өткен жиынға Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Хасан Рухани, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хади Сулейманпур қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында бауырлас түрік халқына және Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға пандемияға қарсы күресте елімізге көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы осынау қиын-қыстау кезеңде елдеріміз жаһандық деңгейдегі өзара көмек пен қолдаудың қаншалықты маңызды екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгенін атап өтті.

Президент баяндамасында пандемияның экономикаға тигізген кері әсерін еңсеруге баса мән берді.

Қажетті қаржымен қамтамасыз етілген Дағдарысқа қарсы кешенді жоспарды іске асырудың арқасында Қазақстан пандемияның теріс әсерін барынша азайта алды. Тіпті құрылыс, ауыл шаруашылығы және өндіріс секілді салаларда өсімге қол жеткіздік. Биыл біз ішкі жалпы өнім 3 пайыздан астам өседі деп жоспарлап отырмыз, ­– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен ықпалдастық Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың негізі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени бағыттардағы ірі жобалар болуы керек. Қытаймен бірлесіп қолға алынған Транскаспий халықаралық көлік бағыты – сондай болашағы зор жобалардың бірі. Атап айтқанда, 2019 жылдың қараша айында Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркияны байланыстыратын Сиань-Ыстамбұл-Прага бағыты бойынша контейнерлік пойызы жүре бастады. Былтыр сәуір айында Сиань-Измир бағытындағы бірінші контейнерлік құрам жүріп өтті. Ол 7000 шақырым қашықтықты 16 күнде еңсерді.

Бұл – өзара ықпалдастығымыздың жақсы үлгісі. Дегенмен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін әлі де көп іс атқаруымыз керек. Биыл біз Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жол бағытының толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Басқа да жаңа бағыттар пысықталуда. Түркістан мен Ташкент арасындағы жоғары жылдамдыққа арналған темір жол Қазақстанның да, Өзбекстанның да туристік әлеуетін арттырады деп күтілуде. Бұл жол уақытты екі сағатқа дейін қысқартуға және екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды жеңілдетіп, әлеуметтік қатынастарды жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент өз сөзінде Қазақстанның Ауғанстандағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысып жатқаны туралы мәлімдеді. Қазақстан ресейлік және өзбекстандық серіктестерімен бірлесіп, Мазари-Шариф – Кветта және Мазари-Шариф – Пешавар бағыттарында темір жол салып жатыр. Ауғанстанмен арадағы екіжақты сауда-саттықтың өсімі былтыр 55 пайыз болған.

Бұл өңір үшін тағы бір маңызды басымдық – азық-түлік қауіпсіздігі. Президент Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық ұйымының ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық бастамаларын қолдайтынын айтып, мүше-мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына (IOFS) қосылуға шақырды. Аталған ұйымның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Біз дистрибьюторлық және логистикалық көтерме орталықтарының ұлттық желісін құру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Азық-түлік қауіпсіздігі мен оның қол жетімділігі – ортақ проблема. Сондықтан тиімді логистика құру үшін күш жұмылдырудың маңызы зор деп санаймыз. Қазақстан мен Өзбекстан шекарада Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев  туризм саласының әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталды. Бұл сала пандемияға қарамастан, ынтымақтастықтың перспективті бағыттарының бірі болып қала береді.

Қазақстан  туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзінде қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 миллиард долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туристік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің инвесторлары мен туристері үшін тартымды өңір болмақ, – деді Президент.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы да Қазақстанға келетін шетелдік инвестицияға «тартылыс орталығы» бола алатынын атап өтті. Бәсекеге қабілетті тарифтер, жоғары білікті жұмыс күші және мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің басқа да көптеген мүмкіндіктері арқылы елге түрік компаниялары тартылды. Олар Қазақстанда жаңа ауруханалардың құрылысына және оларды жоғары технологиялы медициналық құралдармен жабдықтауға атсалысуда.

Түркияның Rönesans Holding компаниясы Қазақстанның жеті қаласында өз емханаларының құрылысын бастамақшы. Сондай-ақ біз Қазақ ұлттық онкология және радиология институтымен бірлесе отырып, биыл Алматы қаласында Томотерапия орталығын іске қосуды жоспарлап отырған Orhun Medical компаниясының жұмысына сәттілік тілейміз. Түрік компанияларымен ынтымақтастық жалғаса беретініне сенімдімін. Сонымен қатар біз Қазақстанның денсаулық сақтау саласына инвестиция құю үшін басқа да қатысушы-мемлекеттердегі серіктестерімізді шақыруға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Экономикалық ынтымақтастық ұйымының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс жасады. Оның айтуынша, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде ЭЫҰ мен АӨСШК-нің экономика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қолдау көрсетуге әзір. Аталған құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдарды көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика, туризм, цифрлық технологиялар және басқа да салалар бойынша дамытуға болады.

Ортақ мүдделерді көздеген, бірлескен жобаларды нақты жүзеге асыруға негізделген жан-жақты ынтымақтастық қазіргі сын-қатерлерге төтеп беріп, ертеңгі күнге дайын болуға мүмкіндік жасайды деген ниеттеміз. Біз ұйымға үлкен үміт артамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға Экономикалық ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығының сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы