Тұрғын үй құрылысын кешіктірген мердігерді жазалау керек – Баталов

13 Қараша 2019, 17:46
1800
Бөлісу:
Тұрғын үй құрылысын кешіктірген мердігерді жазалау керек – Баталов
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бюджет қаражатының игерілуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты. 

Облыс басшысы өткен 10 айдың қорытындысы бойынша мақсатты индикаторларға қол жеткізу жөніндегі мәселелер талқыланған жиында бюджеттің игерілмеуіне жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербес жауап беретінін ескертті.

Амандық Баталов игерілмей жатқан қаржының едәуір бөлігі осы құрылыс саласында екенін айтты. Мәселен, Қапшағай қаласының өзінде ғана қазіргі кезде 741 млн теңге игерілмеген, оның 517 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Осы соманың басым бөлігі көп қабатты үйлердің құрылысына қарастырылған. Мердігер компаниялар тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, десе де іске қосу мерзімі жоспарланғаннан кешіктірілуі мүмкін.
Мемлекет халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлді. Ал сендер оны мерзімінде орындамай, қаражаттың игерілмеуіне жол беріп отырсыңдар. Мен мұны Қапшағай қаласы әкімінің, облыстық құрылыс басқармасы басшысының және құрылыс саласына жетекшілік ететін менің бірінші орынбасарымның тікелей кінәсі деп есептеймін. Осы аталған барлығыңа қатаң сөгіс жариялаймын. Тұрғын үй салуға жауапты мердігер ұйымдарды да құрылыс жұмыстарын кешіктіргені үшін жазалау керек. Жыл соңына дейін жағдайды түзейтін болыңдар, құрылыс жұмыстары қатаң бақылансын, - деді Амандық Баталов.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Данияр Әлімбаевтың айтуынша, облыстық бюджеттің жеке жоспары 186 млрд теңге, оның жүзеге асырылуы 185 млрд теңге - 99,2 % күтілуде. Қазіргі кезде қаражаттың игерілмеуі ТҮКШ, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру салаларында, сол сияқты полиция департаментінде орын алып отыр. Аталған басқармалар мен департамент басшылары барлық қаражат мақсатты бөлінген, жыл соңына дейін игеріледі деп сендірді. Атап айтқанда, қаржы газдандыруға, гербицидтер құнын субсидиялауға, ирригациялық жүйелерді жөндеуді жалғастыруға және т.б. шараларға қарастырылған. Облыстың аудан, қалаларына келсек, әкімдер әрбір бағыт бойынша есеп беріп, қалған қаржы сомасы бағытталатын жобалар жайында баяндады.

Облыс әкімі заңсыз құрылысқа жол бермеуді қатаң ескертті.
Жалпы өңірде экономиканың барлық бағыттары бойынша өсім бар. Құрылыс көлемін біз 102 %-ке, инвестиция бойынша 103 %-ке жетуіміз керек. Алда әлі 1 жарым ай бар, бұл жоспарлаған межемізге жетуге жеткілікті уақыт бар деген сөз. Ол үшін әрбір аудан, қала әкімі белсенді жұмыс істеуі керек. Ең алдымен атқарған жұмыстарыңа талдау жасаңдар, содан кейін экономиканың базалық салаларында өсімге қол жеткізу үшін, бөлінген қаржыны толық игеру үшін тиісті шаралар қабылдаңдар. Біз барлық мақсатты индикаторларды орындауға тиіспіз. Жергілікті жерлерде салынып жатқан құрылыстарға жиі-жиі барып көріңдер, не істеп жатыр, қалай істеп жатыр, қарқыны баяу емес пе, мерзімінен кешіктірмей ме, соның бәрін күнделікті бақылауда болсын. Нанның бағасы, атаулы әлеуметтік көмек, басқа да күнделікті туындайтын мәселелерді жұмыс барысында шешіп отыру керек, - деді Амандық Баталов.



Өзгелердің жаңалығы