Түбегейлі өзгерістер кадрлық саясаттан басталуы тиіс – депутат

9 Қаңтар 2022, 12:27
2236
Бөлісу:
Түбегейлі өзгерістер кадрлық саясаттан басталуы тиіс  – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақын арада жаңа Үкімет жасақталады. Менің ойымша, Үкіметтің құрамы жаңаруы керек. Бізде бір министрлер ешқандай нәтижеге жетпей, Үкіметтен Үкіметке ауысып жүре береді. 

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров facebook-тегі парақшасында жазды. 

Министрлердің көпшілігі жұмысынан позитивті әлеуметтік-экономикалық өзгерістер байқалмайды. Үкіметке, Үкіметтің құрамына халық арасында беделі бар, аймақтарда жұмыс істеген, қазақ тілінде еркін сөйлейтін (екі тілді еркін меңгерген) адамдар болуы абзал. Аймақтардан жастарды тарту керек. Үкіметтің 10- жыл отырған, бір креслодан келесі креслоға секіріп жүрген, ешқандай нәтиже шығармаған жандардың кеткені дұрыс. Түбегейлі өзгерістер кадрлық саясаттан басталуы тиіс. Ауыл жастарының әлеуметтік лифт жасауына мүмкіндік беру керек. Өткендегі өкінішті жағдайлардың басты себебі, ауыл жастарының еліміздегі өз орнын таба алмауында. Осы олқылықты реттеу керек, - деді ол. 

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Қазақстанның ішкі тұрақтылығын басты аспектілерінің бірі. 

Жағдай түзелгеннен кейін, облыс әкімдерінің басым көпшілігін ауыстыру керек. Облыс әкімдері халықтың мұң-мұқтажын түсінетін, адамдармен диалогқа баруға қабілетті жандар болуы тиіс. Біздің әкімдер бюджетті ойлайды, ал әкім халықты ойлап, азаматтардың сұрауына жауап беруге қабілетті болуы керек. Кабинетте отырып ел басқару принципі өз күшін жойды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы