Бас жаңалықтар
Түбегейлі қарсымыз. Мақпал Мыса Маминге мәселені төтесінен қойды
10 Наурыз 2021, 12:49 4108

Түбегейлі қарсымыз. Мақпал Мыса Маминге мәселені төтесінен қойды

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса) балалар басылымдарын өзге газеттермен біріктіруге қарсылығын білдірді.

Жасөспірімдердің дүниетанымын қалыптастыратын негізгі механизм – баспасөз бен кітап. Осыған орай бүгінде бізді алаңдатқан жай бар. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 7 қарашадағы қаулысына сәйкес барлық мемлекеттік баспа басылымдарын «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен біріктіру жоспарланып отыр. Мұның ішінде балаларға арналған «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары, «Дружные ребята» және «Ұлан» газеттері де бар. Біріктіру жұмыстары биылғы жылдың ІІ жартыжылдығында аяқталады екен. Біз басқа басылымдардың біріктірілуін түсіністікпен қабылдаймыз. Алайда, жасөспірімдер мен балалар басылымдарын біріктіруге түбегейлі қарсымыз,- деді Мақпал Тәжмағамбетова.

Оның  айтуынша, «Ұлан» газеті аптасына бір рет 5000, «Ақжелкен» журналы айына бір рет 3000, «Балдырған» журналы айына бір рет 7000, «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет 3000 данамен шығады.

4 басылымға кететін жылдық шығын мөлшері 134 млн теңгені құрайды екен. Жастайынан сауат ашып, мемлекеттік тілді оқытып-үйрететін, тәрбие құралдары – балалар басылымдарына бұл көп қаражат емес деп ойлаймыз. Елімізде 7100 мектепте 3 миллионнан астам оқушы білім алуда. Әзірге жалғыз «Балапан» телеарнасының қызметін ескерсек, мемлекеттік тілде балаларымыз бен оқушыларымыздың тәрбие құралына мұндай біріктіру қаншалықты қисынды? Осы мәселе педагогтар мен ата-аналар қауымымен талқыланды ма екен? Жаңа әліпбиге көшу жағдайында мұның маңызы алдағы уақытта арта түспек,- дейді депутат.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...