Бас жаңалықтар
Шымкентке 2200 жыл. Цитадельдегі қазба жұмыстарынан не табылды?
PHOTO
30 Қараша 2019, 17:36 7377

Шымкентке 2200 жыл. Цитадельдегі қазба жұмыстарынан не табылды?

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкенттің көне бөлігі – Ескі қалашықта қаланың өткенін айқындап, терең тарихына бойлайтын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасында айтылғандай "Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді". Ал Шымкент қаласы да Қазақстанның көне қалаларының бірі екені ресми нақтыланып, қаланың 2200 жылдық тарихы бекітілді. Осы орайда Шымкенттің көне бөлігі – Ескі қалашықтағы Цитадельдегі археологиялық қазба жұмыстарында табылған тарихи жәдігерлердің бір парасына шолу жасадық. 

Шымкент. Цитадель (1).jpeg

Шымкент қаласының Мəдениет, тілдерді дамыту жəне архивтер басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес, қалашықта жалпы үш стратиграфиялық қазба салынды. Қалашықтың мәдени қабатының биіктігі 14 метрді құрады.

Қалашықтың ең төменгі қабатында б.з. д. Ш ғ. соңы - б. з. д. ІІ ғ басына сай келетін керамика кешені жинақталған, ол Соғдының урбанизацияланған қоныстарына тән.

Бұл – шеңберде жасалған қызыл-ангобирленген тостағандар, цилиндрлік ыдыстар, корчагтар. Аталған керамика б.з. д. III-II ғасырлардағы Самарқандтың қалалық мәдениетінде ұқсастықты табады. Бұл Самарқанд пен Оңтүстік Қазақстанның байланыстарын көрсетеді. Стратиграфиялық Шурф қабаттарында б.з. д. ІІ ғасырдан бастап, Орта Азияда шығыстан Қангюй мемлекетімен шектескен Грек-бактрий мемлекеті билеген кездегі Қала тарихы бейнеленіпті. Оның орталығы Сырдария алқабында орналасқан.

Асыл тасы бар жүзік.jpeg

Жоғарыдағы мәдени қабаттар б.з.д. І ғасыр мен біздің заманымыздың VI ғасырына жататын Отырар - Қаратау мәдениетіне жанасады. Осылайша, Шымкенттің қала типтес қоныс ретінде пайда болуы б.з.д ІІ ғасырға жатады. Бұл Шымкент қаласының XIV ғасырда пайда болғанын 2003 жылғы алғашқы кең ауқымды зерттеулер бірден жоққа шығарған.

Ескерткіштің стратиграфиясы шарықтау мен экономикалық құлдырауларды және әскери іс-қимылдарды бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, Шымкенттің VIII-IX ғасырларының қабаттарында барлық жерде өрт пен қару-жарақ заттары табылған. Бұл кезең бізге арабтар мен саманидтердің жорықтары белгілі. Олар Оңтүстік Қазақстан аумағына ислам дінін алып келді.

Киімге алтын жапсырма.jpeg

Оңтүстік Қазақстанның ең ірі қалалық орталығы – Испиджаб-Сайрам қаласы. Сол жылдары Испиджаб пен Шымкент кіретін оның аймағы туралы Х ғасырдың ұлы араб географы әл-Макдиси: "Бұл даңқты шекара бекінісі және сенім үшін соғыс орны. Олар егіндікті білмейді, харадж салығын төлемейді" деп жазады.

X-XII ғасырларда қалашықтың рабаттары кеңейді. Ол Қошқар ата өзеніне дейін созылды. Шымкент рабаттарының алаңын анықтау мақсатында 2004-2005 жылдары 4 стратиграфиялық Шурф (жер бетінен тік немесе көлбеу қазылатын қазба) салынды. Олар ескі қалада орналасқан. Қаланың аумағы Шахристанның шегінен алыс шығып, 300 га аумақты алып жатқан археологиялық материал табылды.

Қорғасын оқтар.jpeg

Археологиялық экспедиция ескерткіштің стратиграфиясын зерттеуден басқа кең алаңдармен қазба жұмыстарын жүргізеді. Жоғарғы құрылыс қабатының ашылған учаскелері негізінен XVIII-XIX ғасырларға жатады.

Шахристанның оңтүстік және батыс қорғаныс қабырғалары зерттелді. Ашылған учаскелерде қорғаныс қабырғаларына тұрғын үй және шаруашылық қажеттіліктер үшін түрлі үй-жайлар жанасқаны анықталды. Онда XIX ғасырдың тұрмыстық және қару-жарақ заттары табылды. Оқ пен зеңбіректің көп саны және түрлі өлшемдегі ядро табылды. Олардың калибрі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған қарулар оқпандарының мөлшеріне сәйкес келеді.

Мыс монета.jpeg

Сондай-ақ, Цитадельдің жоғарғы құрылыс горизонттарында Бұхар-Худат типтес монета табылды, ол VIII ғасырда "Ал-Махди"деп аталады. VII-IX ғасырлардағы ерте орта ғасырлық керамика және "XI-XII ғасырлардағы Қараханид типті" керамика табылыпты.

Керамика құмыра.jpeg

Шымкент қалашығының жоғарғы құрылыс қабаты бойынша жүргізілген археологиялық зерттеулер қаланы 1864 жылдың қыркүйегінде орыс әскерлері басып алғаннан кейін цитадель мен шахристан қайта жоспарлауға ұшырағанын анықтады.

Жалпы сыртқы қорғаныс қабырғасының жалпы жоспарында түбегейлі өзгерістер болмаған. Бекіністің ішкі бөлігі гарнизонның мұқтаждығына бейімделген. Бұл бірінші кезекте мұнаралар нивелирленген және оларға әскери персонал үшін пайдаланылған бөлмелер жапсарлас салынған Батыс қорғаныс қабырғасында байқалады. Мұның бәрі а. К.Гейнс мәліметтерімен келісіледі, ол Қоқан қамалының орнында орыс гарнизоны, ал цитадельдің өзінде "әскери госпиталь бар" деп айтқан.

Материалдық мәдениетте де өзгерістер байқалады. Жергілікті керамикалық өніммен қатар ресейлік фабрикалық өндіріс заттары пайда болады. Табылған материалдық мәдениет заттары қазіргі уақытта зерттелуде және қалпына келтірілуде. Олар Қазақстан мұражайларында лайықты орын алады.

Шымкент қаласының ортағасырлық бекінісі бар қалашығы толық қалпына келтірілсе, Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша туризмнің ірі нысанына айналады. 

Күні кеше ЮНЕСКО Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді 2020 жылы өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді.

Мұндай шешім Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-бас конференциясында қабылданды. Конференцияда ортағасырлық Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығын келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылдады.

Ұйымға мүше 193 мемлекеттің ортақ шешіміне сәйкес ЮНЕСКО Хатшылығына аталған мерейтойлар аясында өткізілетін іс-шараларға қатысу тапсырылды.

Айта кетсек, мұның алдын Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтның директоры, археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев "Шымкент – көне қалалардың бірі, 2200 жылдық тарихы бар" екенін осыдан бірнеше жыл бұрын дәлелдеген. ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтiлуi үшiн бұл ғылыми тұжырым дүниежүзi тарихшы-ғалымдарының назарына ұсынылып, бүгінде мойындалып отыр. Келер жылы миллионды қала тұрғындары Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойын ресми түрде атап өтіледі.

Бауыржан Байтанаевтың ОҚМПУ-да өткен "Шымкенттің тарихы мен өркениеті" атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтқанындай, Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған екен.


Фото: автордан
Загрузка...