Цифрлық технологияларды дамытуда мәселе бар – Жамбыл облысы

10 Сәуір 2020, 06:45
2123
Бөлісу:
Цифрлық технологияларды дамытуда мәселе бар – Жамбыл облысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбылда цифрлық технологияларды дамыту ісінде шешілмеген мәселелер бар. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылған.

Аймақта инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаевтың мәліметінше, Жамбыл өңірінде "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыру 11 бағыт бойынша жүргізілуде. Өткен жылы 2,8 миллиард теңгеге 52 жоба іске асырылған. Оларды іске асырудың экономикалық тиімділігі 1,2 миллиард теңгені құраған.

Жамбыл облысында республика бойынша алғаш рет жол полициясы автокөліктеріне "АРКАН" мобильді кешені енгізілді. Нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші орта есеппен 5-7 пайызға төмендеуі болжанып отыр. Цифрландыру бойынша білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, көлік салаларын қамтитын бірқатар жобалар енгізілді. Ағымдағы жылы облыста цифрландыруды одан әрі дамыту аясында 52 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Айта кету керек, өңірде цифрлық технологияларды дамыту ісінде шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Облыс әкімі олардың қатарындағы ең өзектілерін тілге тиек еткен. Бердібек Сапарбаев әлі де интернетпен қамтылмаған елдімекендер бар екендігін айтты. Интернетпен қамтылғанның өзінде оның жұмыс істеу жылдамдығы ойдағыдай емес. Бұл мәселе оқушыларды қашықтан оқыту барысында айқын көрініс табуда.

Аймақ басшысы қалалар мен ауылдық елді мекендерде бейнекамераларды, соның ішінде "Сергек" сияқты модельдерді орнату бойынша жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын жеткізді. Ол көшелердегі тәртіп пен қозғалысты реттеуді қамтамасыз етеді. Облыстық мемлекеттік органдар көрсететін электрондық қызметтердің деңгейін арттыру қажет. Өңірде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық көліктерде электрондық билеттендіруді енгізу, бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті құру маңызды міндет болып табылады. Жобалардың бір бөлігін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іске асыру керектігі айтылған.

Өзгелердің жаңалығы