Цифрландыру бағытында студенттер көп жаңалық ашуда – ғалым

11 Ақпан 2019, 09:58
3695
Бөлісу:
Цифрландыру бағытында студенттер көп жаңалық ашуда – ғалым

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Қазір студенттер медицина саласында ғылыми жаңалықтар ашуда. Мәселен, адамның қолын сканерден өткізіп, гипстың орнына пластмассадан ыңғайлы етіп қол басып беруге болады. Сондай-ақ тістің, қол, аяқтың протездерін де жасай аламыз. Бұл туралы Алматы энергетика және байланыс университетінің PhD докторы Қуаныш Әліпбаев BAQ.KZ тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.

Аталған университеттің Ғарыш техника және технология кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Қ. Әліпбаев жастар арасында ғарыш саласына деген қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқанын және университет қабырғасында ашылып жатқан жаңалықтар туралы айтып берді.

«Біздің университет техникалық мамандарды дайындайды. Негізінен ғарыш технологияларын күнделікті өмірде қолданып жүрміз. Біз соны жоғары техникалы етіп жасауға, яғни ғылыми бағытта жұмыс жасаймыз. Жаңадан шыққан заттар, құрылғыларды адамдардың күнделікті өмірде пайдалануы үшін құрастырамыз. Сондай заттарды жасау үшін арнайы студенттерді дайындаудамыз»,-дейді кафедра меңгерушісі.

Цифрландыру бағытында студенттер көп жаңалық ашуда – ғалым

Қуаныш Әліпбаев басқаратын кафедрада үлкен халықаралық бағдарлама бойынша Роболаб зертханасы ашылған екен. Онда Еуропа мемлекеттерінен Германия, Белгия, Франция және Ресейдің жетекші университеттерінің мамандарымен бірігіп үлкен жобаны атқаруда.

«Жобаны Еуропалық комиссия қаржыландырып отыр. Осы зертханада менің үш студентім жұмыс істеуде. Олар бірінші курстан бастап осы салаға үлкен қызығушылық танытып, ерекше ынтамен келді. Көбінде студенттерге сабақтан тыс уақытта бос жүрмей, тәжірибелік жұмыстармен айналысыңдар деп кеңес беріп отырамын. Сол студенттер зертханаға келіп бағдарлама жазып үйренуде, қазір 3D принтер сканердің құлағында ойнайды»,-деді ол.

Оның айтуынша, студенттерінің бірі 3D моделдеу бойынша машықтануда екен. Түрлі фигуралардың 3 өлшемді жобасын компьютерде сызып, кейін оны принтерден басып шығарып береді. Бұған дейін шахматтардың моделдерін құрастыра білген. Жасаған кез-келген бұйымның деформацияға түсуін, яғни сығылу, созылу коэфиценттері қандай болатынын бәрін есептеп беретін көрінеді. Мәселен, машина құрастыру, робото техника, әскери техниканың бөлшегін жасағанда, оны алдын ала компьютердегі моделін зерттеп шығу керек екен. Қай жеріне салмақ көп түседі, қандай осал тұстары бар, соның бәрін алдын ала зерттеп береді.

Цифрландыру бағытында студенттер көп жаңалық ашуда – ғалым

Тағы бір студенті робото техника бойынша халықаралық чемпионатқа дайындалып жатыр екен. Өзі екінші курста оқыса да магистрант, докторанттармен бір топта дайындалатын көрінеді.

«Үшінші бір студентім Әбітай Әнуар қазір Жапонияда жүр. Біздің университет пен Синдай университеті арасында меморандум жасалған, нәтижесінде биыл үш студентіміз сол жақта тәжірибеден өтуде. Олар қазір тәжірибелік жұмыстармен айналысуда. Өйткені Жапонияның оқыту жүйесі өзгешелеу. Өзім 2009-2011 жылдары Токио университетінде оқыдым. Сол кезде олар студенттерді оқыта отырып, зертханаларында жұмыс істететінені куә болғам, яғни қандайда бір жобаны атқарып шығуың керек. Онда жүрген екі студентіміз AADL бағытында жұмыс істеуде»,-дейді ол.

3D принтердің мүмкіндіктері

Кафедрада ашылған зертханада студенттер көбінде 3D принтермен жұмыс істейді екен. Тұрмыстық жағдайда қолданатын кейбір сирек кездесетін бұйымдарды жоғалтып немесе сындырып алсаңыз, соны компьютерде жасап, тұра сондай етіп пластмассадан басып шығарып береді. Бұл жерде үйренген студенттердің ертең өндіріс орындарына барғанда тәжірибесі мол болмақ. Қалай сызу керек, технологиясы қандай екенін бәрін біліп шығатын көрінеді.

«Былтыр үш студентім осы сала бойынша жас ғалымдардың байқауына қатысып, үшінші орын алды. Олар қазір Инжениринг аутсорсингінің бірыңғай орталығын ашты. Мәселен, сіздің ойыңызда қандай да бір затты шығару жөнінде идея бар, бірақ сізде не бағдарлама, не маман жоқ. Міне осы аралықта бұлар көмектеседі. Бәрін есептеп, зауытқа дайын өнім ретінде жасап береді, ары қарай өндіріс орнында көбейтіп жасай бересіз. Егер бірден зауытқа барсаңыз олар сізге бағдарламасын, жобасын әкел дейді, міне осыны балалар әзірлеп береді. Нағыз есептеу, инженерлік жағын жасайды»,-дейді жас ғалым.

Цифрландыру бағытында студенттер көп жаңалық ашуда – ғалым

Бұл балалардың стартап жобасы университет атынан шыққандықтан оларға оқу орынан бөлме де беріліпті. Қуаныштың айтуынша, мұндай тәжірибе әлемнің жетекші университеттерінде болған, осылай оқу орынның қабырғасында құрылып, кейін үлкен компанияға айналған стартап жобалар көп екен.

Зертханада қазір бір 3D принтер бар, тағы біреуін студенттер өздері қолдан құрастырып жатыр екен. Алдағы уақытта тағы 5-6 осындай принтер алмақ. Әр принтердің өлшемі әрқалай болып келетін көрінеді.

«Соңғы кезде 3D принтер деген жақсы дамуда. Былтыр ресейліктер ғарышқа биологиялық 3D принтер ұшырды. Онымен адамның мүшелерін басып шығара алады. Нақты есімде жоқ, бүйрек пе, бауырма соны басып шығарып, ғарышта сынақтан өткізуде. Ғарышта сынақтан өткізудегі себеп – ол жақта өзінің микрограбитациясы бар, әрі ондағы жағдай өте қатаң болғандықтан сол жақта жасалған нәрсе Жерде де жұмыс істейді дегенді білдіреді. Онда темперетураның өзі -80, +80 градусқа дейін барады, оның үстіне радиациясы, күннен келетін түрлі сәулелер бар. Соның бәріне төзген зат Жерде де іске асады. Сондықтан ең алғашқы сынақтың бәрі ғарышта жасалады»,-дейді кафедра меңгерушісі.

 

Әр спутниктің өз орбитасы бар

Сұхбат барысында Қуаныш Әліпбаев өзі басқаратын кафедра ғарыш саласымен байланысты болғандықтан осы бағытта жұмыс істейтін барлық компания мен министрліктегі ведомстволық ұйымдармен тығыз байланыста екендігін айта келе осы салада болып жатқан жаңалықтар жайлы айтып берді.

«Былтыр 2018 жылдың желтоқсан айының басында АҚШ-та еліміздің 3 спутнигі ғарышқа ұшты. Осы тұста сұрақтар туындап жатады, «неге Америкадан ұшырды, өзімізде Байқоңыр бар ғой» деген. Негізі әр спутниктің өз орбитасы бар, оған кез келген зымыран жеткізе алмайды»,-деді ол.

Оның айтуынша, екі спутникте мемлекеттің тапсырысы бойынша жасалған, яғни ғылыми-техникалық сипаттағы жобалар. Олар ғылымға қандайда бір үлес қосуы керек екен. Біреуі жердің магниттік өрісін зерттейтін көрінеді, мәселен жер сілкінісін алдын ала болжап отырады.

«Қазір екеуі де штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Олар қазір жерге мәліметтерді беріп жатыр, сонымен қатар оның бәрі ғылыми орталықтарға тегін таратылуда. Белсенді жұмыс істеу мерзімі 3-4 ай деп қойылды, дегенімен 1-2 жыл жұмыс істеу керек. Бұл өзіміздің құрастырған алғашқы спутник болғандықтан мамандар көп тәжірибе жинады десек болады»,-дейді ол.

Сонымен қатар ол екі спутник жайлы ресми түрде айтып жатқандығын, ал үшіншісін көп айта бермейтіндігін жеткізді.

«Үшіншісін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жасады. Әл-Фараби-2 ғарыш аппаратының басты міндеті студенттерді үйрету»,-дейді кафедра меңгерушісі.

 

Студенттер ашқан жаңалықтар

Сөз арасында ол, студенттердің медицина саласында да ғылыми жаңалықтар ашып жатқандығын, оның ішінде имплатанттардың 3D моделін жасау үстінде екендігін жеткізді.

«Мәселен адамның аяқ сүйегі сынған кезде арасын ұстап тұратын имплатанттар жасау керек болады. Оны біз толығымен программада есептеп аламыз. Сондай-ақ адамның дене мүшелері зақымданғанда гипс салады, ол көбінде ыңғайсыз болады. Біз соны 3D принтерде басып шығаруды ойластырып отырмыз. Мәселен адамның қолын сканерден өткізіп, гипстың орынан пластмассадан ыңғайлы етіп басып беруге болады. Сондай-ақ тістің, қол, аяқтың протездерін де жасауға болады. Дүниежүзінде ондаймен айналысатын үлкен компаниялар бар, дегенімен елімізде әлі ешкім қолға алмай отыр. Бір компания бар екен, алайда оларда маман жоқ. Бұл медициналық жабдықтар болғандықтан сол жағын жақсы түсінетін адамдар болғаны жөн»,-дейді ол.  

Цифрландыру бағытында студенттер көп жаңалық ашуда – ғалым

Сонымен қатар ол, цифрландыру бойынша үлкен бір жобаны әзірлеп, Қорғаныс министрлігіне жібергендіктерін айтып берді.

«Ол жобада әскери бөлімшелердегі барлық жүйені автоматтандыру қарастырылған, бір сөзбен айтқанда қазіргі ақылды үй. Бір ғана адам компьютерден ондағы әрекеттің барлығын қадағалап отыра алады. Кімнің қай базаға кірген-шыққанын, қару-жараққа кімнің рұқсаты бар бәрін автоматты түрде қадағалап, басқарып отырады. Әсіресе жанармай жағын қадағалауда қолға алынған, яғни ешкімнің ұрламауына жол берілмейді. Өйткені компьютерді ешкім алдап өте алмайды. Мұндай жобалар қаржылай қолдау болмаса тек сөз жүзінде ғана қала береді»,-дейді ол.

Маманның айтуынша, цифрландыру бағытында студенттердің стартап жобалары өте көп, тек соны қаржыландыру жағы жетіспей қалатын көрінеді.

Әділет МҰСАХАЕВ
Өзгелердің жаңалығы