Бас жаңалықтар
Тротуардың кез келген жағынан шыға келеді. Депутат самокаттарды шеттен әкелуге шектеу қоюды сұрады
14 Қазан 2021, 11:09 1687

Тротуардың кез келген жағынан шыға келеді. Депутат самокаттарды шеттен әкелуге шектеу қоюды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат отырысында депутат Нұртөре Жүсіп адам өміріне қауіп төндіріп жатқан самокаттарға қатысты Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Қазір елдің барлық үлкен қаласынан зырылдаған самокаттарды көруге болады. Тротуардың кез келген жағынан шыға кетеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті осындай құрылғылардың қатысуымен болатын оқиғалардың ресми статистикасын жүргізбейді. Қазір осы электросамокаттар, самокаттар, гидроскутерлер азаматтардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін жағдайға жетті, - деді сенатор.

Оның айтуынша, 8 айдағы деректерге сәйкес 387 оқиға тіркеліп, 25 адам қайтыс болып, 411 адам жарақат алған.

«Жол жүріс туралы» заңның 64-бабына сәйкес осы құрылғылар уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Сонда қалай болғаны? Жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан асатын электросамокаттар ешқандай көлік санатына жатпай ма? Қазіргі уақытта нормативтік актілерде осы типтес құралдардың жіктеуі жоқ. ІІМ самокаттарды қандай да бір дәстүрлі көлік түріне жатқызу бірқатар принципті техникалық айырмашылық мен пайдалану ерекшеліктеріне байланысты мүмкін еместігін айтады, - деп түсіндірді Нұртөре Жүсіп.

Сенатта депутат Кеден одағының доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламентіне сәйкес жалпыға ортақ жолдарда пайдалануға арналған кез келген көлік құралы жақын және алыс шамдармен, жарық қайтарғыштармен, бұрылыс көрсеткіштері, тежегіш сигнал, спидометрмен және айналармен жабдықталуы тиіс екенін айтты. Сөзінше, біздің елде мұның бірі де жоқ. Бұл қалай?

Аталған құрылғыларға тиісті жіктеудің және техникалық талаптардың болмауы, оларды басқаратын адамдардың құқықтары мен міндеттеріне заңнамалық бекітуге және техникалық реттеудің қажетті әдістерін нарықтағы айналым немесе пайдалануға беру қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын, сәйкестікті бағалау рәсімдерін таңбалаудың бірыңғай талаптарын белгілеуге мүмкіндік бермей отыр, - дейді Сенат депутаты.

Ол электросамокаттарды әкелуді және қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеу қажет екенін айтты.

Нұртөре Жүсіп Үкіметтен құрылғыларды жіктеуді және заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізу мәселесін тездетіп пысықтауды, Еуразиялық экономикалық одақтың салалық-техникалық регламенттерінің нормаларын ескере отырып, осы құрылғыларға тиісті стандарттар мен талаптар әзірлеуді, кедендік бақылауды жүзуге асыру шеңберінде регламенттер мен стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтін құрылғылардың шеттен әкелуді шектеу бойынша шаралар қабылдауды сұрады.


Фото: дереккөз
Загрузка...